Қазақстан Милан–2026 қысқы Олимпиадасына тағы 12 лицензия жеңіп алды

Патриот жаршысы
36

Фото:ҚР СПОРТ КОМИТЕТІ

Қазақстан құрамасы Милан–2026 қысқы Олимпиада ойындарына жолдамалар қорын толықтыруды жалғастырып келеді. Конькимен жүгіруден 2024 жылғы 14 қараша мен 14 желтоқсан аралығында АҚШ, Канада, Нидерланд және Норвегияда өткен Әлем кубогі кезеңдерінің қорытындысы бойынша ұлттық құрама 12 олимпиадалық лицензияға ие болды.

Лицензия иегерлерінің нақты тізімі мен Олимпиадаға қатысатын спортшылар саны ұлттық құраманың бас бапкері мен жаттықтырушылар штабының шешімінен кейін белгілі болады. Алдын ала болжам бойынша, 2026 жылғы қысқы Олимпиадада конькимен жүгіруден Қазақстан намысын 5 спортшы қорғайды.

Еске сала кетейік, бұған дейін мәнерлеп сырғанау спортынан қазақстандық спортшылар Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкина әлем чемпионатында олимпиадалық нормативті орындап, ел қоржынына екі жолдама салған еді. Сонымен қатар, шорт-тректен ұлттық құрама 9 лицензия жеңіп алды. Бапкерлер штабының шешімімен Миланда Денис Никиша, Абзал Әжіғалиев, Ольга Тихонова және Яна Хан Қазақстан атынан өнер көрсетеді.

Осылайша, қазіргі таңда Қазақстан құрамасының еншісінде спорттың үш түрі бойынша 23 олимпиадалық лицензия бар. Олимпиадаға бөлінетін нақты лицензия саны 2026 жылғы қаңтар айының соңында толық айқындалады.

Айта кетейік, XXV қысқы Олимпия ойындары 2026 жылғы 6–22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Дүбірлі додаға әлемнің 93 елінен 3 500-ден астам спортшы қатысады.

Конькимен жүгіруден алынған лицензиялар:

Ерлер:

500 метр — 1 лицензия

Әйелдер:

500 метр — 2 лицензия

1000 метр — 2 лицензия

1500 метр — 2 лицензия

3000 метр — 2 лицензия

5000 метр — 1 лицензия

Масс-старт — 1 лицензия

Командалық жарыс — 1 лицензия

Қазақстандық спортшылардың бұл жетістігіотандық қысқы спорттың дамып келе жатқанының айқын дәлелі. Милан төрінде ел намысын қорғайтын спортшыларға артылар үміт зор.

Лағыл Намаз
тілші