Бауыржан Момышұлы мен Талғат Бигелдинов атындағы әскери колледждер ашылады

Фото: Виктор Федюнин/Kazinform
Биыл Бауыржан Момышұлы мен Талғат Бигелдинов атындағы әскери колледждер ашылады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы, полковник Мұрат Олжабаев айтты.
Техникалық және кәсіптік білім беруді Астана, Щучье және Шымкент қалаларындағы үш әскери колледж ұсынады. Колледждерде мотоатқыштар, танк, артиллерия және инженерлік бөлімшелер, байланыс және адиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлері, қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалану және жөндеу бөлімшелері үшін кәсіби сержанттар даярланады. Бұдан басқа, Қорғаныс министрлігі Алматы және Қарағанды қалаларында «Жас ұлан» республикалық мектептерінің базасында тағы екі әскери колледж – Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжі мен Талғат Бигелдинов атындағы Әскери колледжді ашу бойынша жұмыс қолға алынған. Биыл аталған әскери колледждерге негізгі орта білім базасында алғашқы қабылдау жүргізіледі, - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Оның атап өтуінше, Алматы қаласында орналасатын Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжде «дене шынықтыру және спорт жөніндегі нұсқаушы» және «барлау, десанттық-шабуылдау бөлімшелерін басқару» мамандықтары бойынша, Қарағанды қаласындағы Талғат Бегелдинов атындағы әскери колледжде «зымыран әскерлері мен артиллерия әскерлерінің бөлімшелерін басқару», «заттай қамтамасыз ету» және «азық-түлікпен қамтамасыз ету» мамандықтары бойынша әскери қызметшілер дайындалады.