Азия біріншілігі: 12 қазақ боксшысы финалда

Патриот жаршысы
54

Спорт және дене шынықтыру істері комитеті

Шри-Ланкада өтіп жатқан 22 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы сәтті өнер көрсетуде. Бірден 12 қазақ боксшысы турнир финалына жолдама алып, құрлықтық додада алтын үшін таласатын болады. Айрықша көзге түскен спортшылардың бірі — жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Диас Берікбай (51 келі). Ол непалдық Рана Априланы 5:0 есебімен жеңіп, финалға шықты. Енді ол Тәжікстан спортшысымен кездеседі.

57 келі салмақта Жасурбек Анорбаев та сенімді өнер көрсетті. Ол Непал боксшысын айқын басымдықпен жеңіп, енді Қырғызстан мен Таиланд арасындағы жеңімпазға қарсылас болады.

Нұрислам Қалдыбаев (60 келі) ринг иесі Тиля Дешамды алғашқы раундта-ақ тоқтатып, уақытынан бұрын жеңіске жетті. Енді ол Тәжікстан мен Өзбекстан боксшылары арасындағы мықтымен кездеседі.

63,5 келіде Серәлі Жолмағанбет Сауд Арабиясынан келген қарсыласын 5:0 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды. Оның финалдағы қарсыласы 23 мамырда белгілі болады.

Бахтияр Анарбаев (67 келі), Ағажан Қадыр (71 келі) және Аман Қонысбеков те жартылай финалдағы жекпе-жектерін сенімді түрде аяқтап, ақтық сынға өтті. Аман Қонысбеков Вьетнам спортшысымен кездесуде жеңіске жетті, қарсыласы жекпе-жекті жалғастырудан бас тартқан. Енді ол финалда Шри-Ланка өкілін күтіп тұр.

Қазақ жастарының Азия додасындағы мынадай керемет көрсеткіші – ел боксының айқын әлеуетінің дәлелі. Финалдық жекпе-жектерде де сәттілік серік болсын!

Малика Рүстем
тілші