Астанадағы парадта қазақстандық сарбаздың ізгілік ісі желіде танылды

Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы
Астанада Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік парадта орын алған әсерлі сәт әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, қазақстандық сарбаз Алишер Жәукешевті нағыз адамгершілік үлгісі ретінде танытты.
5573 әскери бөлімінде қызмет атқаратын 24 жастағы Алишер Жәукешевтің кішкентай балаға көрсеткен қарапайым, бірақ жүрекке жылы әрекеті TikTok пен Instagram платформаларында жүздеген мың қаралым жинады. Видеода баланың саптағы сарбазға әскери сәлем беруге тырысқаны көрінеді. Алайда бала оны сол қолымен және бас киімсіз жасаған. Қасындағы әпкесі оның басына кепка кигізген соң, Жәукешев ақырын ғана оны түзетіп, әскери сәлемді қалай дұрыс беру керектігін – оң қолмен – сыпайы түрде көрсетіп береді.
Бұл оқиға желі қолданушыларының жүрегін елжіретіп, сарбаздың сабырлылығы мен адамға деген ықыласын жоғары бағалады. Көпшілік оны «жас ұрпаққа үлгі болатын нағыз патриот» деп атады. Ақтөбе қаласының тумасы Алишер қазіргі уақытта елордада әскери қызметін атқаруда. Әлеуметтік желідегі танымалдыққа қарапайымдылықпен жауап берген сарбаз:
– Егер менің кішкентай ғана ісім біреудің күнін жақсартса — мен тек қуаныштымын. Отан алдындағы борышты күнделікті өмірдің кез келген сәтінде де өтеуге болады, – деп пікір білдірді.
Алишер Жәукешевтің бұл әрекеті – қарапайымдылық пен тәрбиенің, патриоттық рух пен адамгершіліктің айқын көрінісі. Ол өз ісімен ел жастарына өнеге көрсетті.