Artline Kazakhstan Италияда топ жарды

Патриот жаршысы
79

Artline Kazakhstan командасының дирекциясы

Artline Kazakhstan автоспорт командасы Италияның Misano автодромында өткен GT2 European Series жарысында тамаша нәтиже көрсетіп, жанкүйерлерін қуантты. Демалыс күні өткен іріктеу кезеңінде отандық шабандоздар сенімді өнер көрсетіп, жарысты үздік көрсеткіштермен бастады.

Команда құрамындағы Шота Абхазава Pro-Am санатында бірінші орынды иеленсе, Егор Оруджев өз жарысын үшінші орында аяқтады. Бұл нәтижелер олардың класында бірінші, ал жалпы есепте екінші орыннан жарысқа шығуына мүмкіндік берді.

Ресми мәліметке сүйенсек, жарыстың басында рульге отырған Шота Абхазава Pro-Am санатында көш бастап, абсолюттік есепте екінші орынға шықты. Пит-стоп кезінде рөлді Егор Оруджев қабылдап алып, қалған жарты сағатты тамаша өткізіп, финалға алты минут қалғанда AM класындағы Maserati автокөлігін тізгіндеген Philippe Prette-ден басым түсіп, жарыс көшбасшылығын иеленді.

Соңғы бес айналымда Егор Оруджев екінші орыннан үш жарым секундқа басымдық жасап, мәреге сенімді жетті. Осылайша, қазақстандық команда керемет жеңіске жетіп, еліміздің туы Misano жарыс алаңында желбіреп, Қазақстанның әнұраны италиялық трассада шырқалды.

Команда дирекциясы:
«Командамызды және барша жанкүйерлерімізді осы жарқын жеңіспен шын жүректен құттықтаймыз!» – деп ресми түрде мәлімдеді.

Малика Рүстем
тілші