Абайға тағзым айлығы

Алматы қаласының әкімдігі
Алматыда ұлы ақын, ойшыл және ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған ауқымды мерекелік бағдарлама басталды. Тамыз айында қалада 120-дан астам мәдени, әдеби, өнер, спорт және қайырымдылық шаралары өтеді.
Басты мерейтойлық салтанат 10 тамызда – Абайдың туған күнінде өтеді. Сағат 10:00-де Республика сарайы алдындағы Абай алаңында ескерткішке гүл шоқтары қойылады. Ал 12:00-де осы алаңда «Алаштың Абайы» атты музыкалық-драмалық концерт басталады. Сахнада Асанәлі Әшімов, Тұңғышбай Жаманқұлов, Роза Рымбаева, Айгүл Қосанова сынды өнер майталмандары өнер көрсетеді. Бағдарламада ақын шығармаларынан шабыттанған театрландырылған қойылымдар, поэзия және музыкалық нөмірлер бар.
Іс-шаралар қаланың барлық сегіз ауданында жалғасады. 8 тамызда №6 кітапханада «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» атты поэзия кеші өтеді. Жазушы Нұрдәулет Ақыш пен ақын-философ Мұратхан Шоқан Абайдың бүгінгі қоғамдағы рөлі жайлы ой бөліседі. Сол күні Жазушылар кітапханасында «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылады.
9 тамызда Дінмұхамед Қонаевтың мемориалдық музейінде «Ұлы Абай» дәрісі өтсе, 10 тамызда Махатма Ганди саябағында №4 кітапхана-филиалы «Жүрегімнің түбіне терең бойла» атты арт-композиция ұсынады.
Айдың соңында, 28 тамызда Республика сарайында «Абайға тағзым» атты мерекелік концерт өтеді. Қойылымда Абайдың рухани жолы музыка, театр және би арқылы сахналанады.
Қыркүйекте Мемлекеттік қуыршақ театрында 16+ көрерменге арналған «Мен бір жұмбақ адаммын… Абай» спектаклінің премьерасы болады. Қойылым Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы мен «Қара сөздері» негізінде сахналанып, ақынның парасатын, рухани тереңдігін ашуға бағытталған.
Бұл мерейтойлық айлық – ұлы ақын мұрасын дәріптеп қана қоймай, жастарды ұлттық мәдениетке жақындататын, қазақ әдебиетіне деген қызығушылықты арттыратын рухани мереке болмақ.