Ақмола агросалада көш бастап тұр

Патриот жаршысы
33

Ақмола облысының әкімдігі

Ақмола облысы еліміздің ауыл шаруашылығы саласында үздіктер қатарынан түспей келеді. 2024 жылы өңір диқандары 6,6 миллион тонна астық жинап, соңғы жылдардағы ең жоғары нәтижеге қол жеткізді. Бұл - елдегі астықтың төрттен бір бөлігі. Облыс әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, өңір агросаланың барлық бағыты бойынша тұрақты өсімді көрсетіп отыр.

Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 149 миллиард теңгеден 161 миллиард теңгеге артқан. Ақмола облысы еліміздегі құс етінің 30 пайызын (125 мың тонна), жұмыртқаның 16 пайызын (690 миллион дана) өндіреді.

Мал шаруашылығында да өсім айқын:

  • Ірі қара мал – 10% өсіп, 450 мың басқа жетті

  • Қой-ешкі – 15% өсіп, 725 мың басқа

  • Жылқы – 10% өсіп, 294 мың

  • Құс – 6% өсіп, 10 миллион басқа жуықтады

Өсімнің басты тетігі - сүт-тауарлы фермалар. Былтыр бұл бағытқа 15 миллиард теңге инвестиция тартылып, жеті жоба қаржыландырылды. Жыл соңына дейін тағы екі кешен іске қосылады. Бұл өндірісті 40 мың тоннаға арттырады.

Егін шаруашылығы мен жаңа егін науқанына дайындық та күн тәртібінде. Өткен жылдың желтоқсан айынан бастап көктемгі дала жұмыстарына 117 миллиард теңгеден астам жеңілдетілген несие берілді. Бұл – республика бойынша бөлінген қаржының үштен бірі. 2025 жылы агроөнеркәсіптік кешенге 230 миллиард теңгеден астам мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Облыс әкімінің айтуынша, ауа райы қолайлы болса, биыл да 6,6–6,8 миллион тонна астық жиналады деп күтілуде.

Ақмола облысы – астананың азық-түлік белдеуі, сондықтан мұнда тек өндіру емес, өңдеу саласы да қатар дамып келеді. «Aqmola» индустриялық аймағында Қытайдың «Dalian» компаниясымен бірлесіп, жылына 3 миллион тонна астық өңдейтін зауыт құрылысы басталды. Алғашқы кезеңде 1 миллион тонна өнім өндіріліп, мыңнан астам жұмыс орны ашылады.

Малика Рүстем
тілші