Қалам мен ойдың үйлесімі қайда?

Патриот жаршысы
42

Фото: canva.com

Кейде біз университет табалдырығын аттаған жасты – мектептен толыққанды білім алған, сауаты мығым, ойы қалыптасқан тұлға ретінде қабылдағымыз келеді. Алайда шындық басқа: жоғары оқу орнына келген талай студенттің жазу сауатынан бастап, ойды жүйелеуге дейінгі қарапайым дағдылары әлсіз. Бұл – жеке баланың емес, тұтас білім жүйесінің, ақпараттық қоғамның, және қоғамдағы сұраныстың көрінісі.

Сауаттылық деген ұғым бүгінгі таңда тек дұрыс жазу, тыныс белгілерін қоюмен өлшенбейді. Ол – тіл арқылы ой жеткізу, логикалық байланыс құру, дәлелді пікір айту, жазбаша және ауызша коммуникацияда сауатты болу. Университетке келген студенттің осы бағытта ақсап жатуы – мектеп бағдарламасындағы формализмнің нәтижесі.

Қазір ҰБТ-ға бағытталған оқыту – мәтінді түсініп оқу емес, жадыға жаттап алу, дұрыс жауапты табуға машықтану. Көп жағдайда шығармашылық ойлау, еркін жазу, пікір айтуға мүмкіндік берілмейді. Мұның соңы – баланың өз ойын еркін, сауатты жеткізе алмауына әкеледі. Ал бұл дағдысыз университет қабырғасында ғылыми жұмыс түгілі, қарапайым эссе жазудың өзі мұң.

Әлеуметтік желі – тілдік сауатқа кері әсер ететін жаңа орта. Жастар күн сайын қысқартылған сөздермен, эмоцияға құрылған сөйлемдермен өмір сүреді. Сөйтіп, ғылыми немесе ресми стильдегі ойды қабылдау қиынға соғады. Қазіргі студенттің көпшілігі әдеби норма мен ауызекі тілді ажырата алмайды, сөйлем құрылымына назар аудармайды. Бұл – тіл мәдениетінің жоғалуы емес пе?

Сауаттылық – кез келген мамандықтың, азаматтық белсенділіктің, тіпті адамдық болмыстың негізі. Сауатты адам – өз ойын еркін жеткізе алады, сын тұрғысынан ойлай алады, жазбаша дәлелдеп, көпшілік алдында өз көзқарасын қорғай алады. Ал мұндай қасиет тән емес маман – құр диплом иесі ғана. Сондықтан университет тек білім емес, сауатты тұлға қалыптастыруға да жауапты.

Университетке келген студентке сауаттылықты қайта үйрету – қажеттілік. Бұл ұят емес, кемшілік емес. Бұл – өмірдің талабына сай бейімделу. Егер біз шын мәнінде білімді ұрпақ тәрбиелегіміз келсе, алдымен оның тілдік негізін бекітуіміз керек. Өйткені сауатты сөз – сауатты ойдың көлеңкесі. Ал сауатты ой – мықты елдің тірегі.

Айзере Алиева