Ақиқатқа айналған арман

Патриот жаршысы
35

Фото: Бейнежазбадан алынған

Әлемге әйгілі әнші, Қазақстанның мақтанышы Димаш Құдайберген «Ақтау — түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Бұл күн тек ауқымды шарамен ғана емес, сондай-ақ жүрек тебірентерлік кездесумен де есте қалды.

Ресми бөлім аяқталғаннан кейін Димаш 23 жастағы мүмкіндігі шектеулі жас жігітпен жүздесті. Бұл кездесуді жас жігіт көптен армандап жүрген екен, ал арманы дәл осы айтулы күні орындалды.

Жылы жүздесу барысында Димаш жігіттің анасына гүл шоғын сыйлап, жүректен шыққан ізгі тілектерін білдіріп, денсаулық пен амандық тіледі. Әнші өз шығармашылығына деген ерекше ықылас пен шынайы сүйіспеншілігі үшін жанкүйеріне алғыс айтып, естелік ретінде өзінің білезігін табыс етті.

Кездесу соңында Димаш пен жанкүйері бірге «Махаббат бер маған, тағдыр» әнін орындап, көпшіліктің көңілін толқытып, жүректерге ерекше әсер сыйлады.

Бұл күн — өнер мен мейірімнің, арман мен шынайылықтың тоғысқан сәті ретінде есте қалды.

Малика Рүстем
тілші