Инклюзия бойынша алғашқы бүкіләлемдік конгресс Қазақстанда өтеді

Патриот жаршысы
27

Фото: ИИ

Қазақстанда инклюзия саласындағы алғашқы бүкіләлемдік конгресс өтетін болады. Бұл маңызды шараның басты мақсаты – заманауи жетістіктерді талқылау, үздік тәжірибелермен бөлісу және инклюзиялық білім беруді дамыту. Жаңалық Лондонда өткен Bett Show алаңында жарияланды.

 Конгресс инклюзия саласы бойынша үкіметтің, педагогтардың, технологиялық компаниялардың, сарапшылар мен мамандардың басын қосатын бірегей жаһандық алаңға айналады. Оның негізгі ерекшеліктері арасында практикалық іске асыруға басымдық беру, үшжақты тәсілді (педагогикалық инновациялар, технологиялық жетістіктер, корпоративтік ынтымақтастық) қолдану және жасанды интеллект пен заманауи технологияларды пайдалануға ерекше назар аудару көзделген.

Қазақстан Оқу-ағарту министрлігінің Инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры Лаура Бутабаева атап өткендей, конгресс инклюзивті білім беру саласындағы алғашқы халықаралық бастама болады. Бұл беделді шараны елімізде өткізу – Қазақстанның әділетті және инклюзивті қоғам құруға деген ұмтылысын көрсетеді. Сонымен қатар, білім беру реформалары мен технологиялық инновациялардағы жетістіктерді айқындайды.

 2024 жылы Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 230 мыңнан астам бала тіркелген. Елдегі мектептердің 90%-ы инклюзивті білім беру мүмкіндіктерімен қамтылған, ал арнайы психологиялық-педагогикалық көмек алатын балалардың үлесі 80%-ға жетті.

 Бұл конгресс Қазақстанға халықаралық корпоративтік көшбасшыларды тартуға, әлемнің назарын аударуға және стратегиялық мүмкіндіктер ашуға ықпал етеді.

Аружан Тоқсан
Тілші