Пойыздарға интернет қосылады

Фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ
25 қаңтардан бастап №3/4 «Астана-Алматы» пойызында заманауи спутниктік технологияларды қолдану арқылы ғаламтор қызметін ұсынатын пилоттық жоба іске қосылады. Жолаушылар WhatsApp, YouTube және басқа да бейнеплатформаларды еркін пайдалана алады. Алайда, торренттер мен файлдарды жүктеу сайттарына шектеу қойылады. Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ғаламтор қызметімен қатар, жоба аясында жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту және пойыз бригадасының жұмысын оңтайландыру үшін бірқатар заманауи технологияларды сынақтан өткізу көзделіп отыр.
Олардың ішінде:
Жолсеріктерге арналған мобильді құрылғылар, олар билеттерді жылдам тексеруге мүмкіндік береді;
Вагон-мейрамханаларда қолма-қол ақшасыз төлем жасауға арналған POS-терминалдар;
Қауіпсіздік пен ашықтықты қамтамасыз ететін пойыз басшыларына арналған бейнетіркеуіштер;
Вагондардағы жағдайды бақылауға арналған бейнебақылау жүйелері болады.
Бұл жоба Қазақстанның басқа бағыттарында да ғаламтор қызметін дамытуға жол ашады.
«Бұл жолаушыларға сапар барысында WhatsApp, YouTube секілді қосымшаларды еркін пайдалануға және бейнемазмұндарды көруге мүмкіндік береді. Алайда, торренттер мен файлдарды жүктеу сайттарына шектеу қойылатын болады. Жобаның техникалық қолдауын Қазақстандағы OneWeb-тің ресми серіктесі Jusan Mobile жүзеге асырады», — делінген ұлттық тасымалдаушы компанияның хабарламасында.