Жер асты суы - цифрлы жүйеде

Патриот жаршысы
31

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі

Алматыда ғалымдар алғаш рет Қазақстанның жер асты су қорларына арналған гидрогеологиялық карталардың цифрлы атласын таныстырды.

Жаңа геоақпараттық жүйе еліміздің су ресурстарын тиімді басқаруға, әсіресе құрғақшылық пен тұщы су тапшылығы жағдайында нақты шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Картада еліміздің минералды және геотермальды жер асты сулары туралы барлық маңызды деректер жинақталған. Бұл платформа тек су қорларын пайдалануды оңтайландырумен шектелмей, экологиялық мониторинг жасауға да жол ашады. Жер асты суларының сапасын онлайн режимде бақылап, ластану қаупінің алдын алуға мүмкіндік береді. Мұндай бастама дамуы баяулаған өңірлер үшін үлкен серпін болмақ.

Жобаны академик, профессор Малис Абсаметов жетекшілік ететін У.М.Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институтының ғалымдары әзірледі. Атлас ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен және ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты Геология комитетінің тапсырысымен жасалған.

Халықаралық конференцияда сарапшылар бұл цифрлы жүйе болашақтағы су саясатына, ғылыми зерттеулерге және маман даярлауға берік негіз болатынын атап өтті. Сонымен қатар, су ресурстарын аймақтар арасында әділ бөлуде және ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда да маңызды құралға айналмақ.

Малика Рүстем
тілші