Абай өңірі – экологиялық тазалыққа үлгі

Абай облысының әкімдігі
Абай облысында көктеммен бірге тазалық та келеді. Биыл аймақта «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында ауқымды жұмыстар жүргізіліп, тұрмыстық және құрылыс қалдықтары белсенді түрде шығарылуда.
Облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының маманы Нұрдаулет Мұқашовтың айтуынша, қазіргі таңда 39,3 мың тоннадан астам қалдық арнайы полигондарға тасымалданған.
Сәуір мен мамыр айлары аралығында өткізілген сенбіліктерге 227 мыңнан астам адам, 10 мыңнан аса ұйым мен 4 мыңнан астам техника жұмылдырылған. Бұл жұмыстардың нәтижесінде 132 мыңнан аса аула, 1900 саябақ пен сквер, 100 шақырымға жуық арық бойы тазартылды.
-Екі айлық барысында 6 мыңға жуық экологиялық құқықбұзушылық тіркеліп, 50 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Сонымен қатар ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейіп, БАҚ пен әлеуметтік желілерде 200-ден астам материал жарық көрді. Мектептер мен колледждерде 600-ден астам экошара ұйымдастырылды, - деді Нұрдаулет Мұқашов.
Көктемгі көгалдандыру жұмыстары да назардан тыс қалмады. «Бүкілқазақстандық ағаш отырғызу күні» шеңберінде 23 мыңнан астам көшет егілсе, «Түлектердің ағаш егуі» және «Болашақты бірге отырғызамыз» акциялары арқылы 11 мың ағаш жерге тамыр жайды. «Семей орманы» аумағындағы 1,5 гектар жерге 3400 жасыл желек отырғызылған.
Аймақта жасыл инфрақұрылымды дамыту мақсатында «Жасыл Ел Абай» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, жаңа жобалар қолға алынып жатыр. Мекеме директорының орынбасары Дамир Рахимжановтың айтуынша, алдағы уақытта көшетхана мен жылыжай салу, Семейдің сол жағалауында «жасыл белдеу» қалыптастыру жоспарланған.
-Бейбітшілік аралында экосаябақ пен балалар алаңдары салынады. Сонымен қатар Озер ауылдық округінде көшет өсіретін арнайы агроаймақ ұйымдастыру жұмыстары басталады, - деді ол.
Абай облысындағы бұл бастамалар - елдегі экологиялық мәдениетті нығайтудың нақты үлгісі. Табиғатты қорғауға бағытталған жүйелі жұмыс жалғаса бермек.