Жеті қазына жаңғырығы

Патриот жаршысы
66

Астана қаласының әкімдігі

Халықаралық балаларды қорғау күні Астанада ерекше жобалардың бірі — «JETI QAZYNA» этноауылы ашылды. Назарбаев Университетінің аумағында орналасқан бұл кеңістік қазақтың ұлттық мұрасы мен өмір салтын насихаттауға бағытталған.

Этноауылда халықтың тарихы мен болмысын танытатын басты рәміздер жинақталған: батыр бейнесі, сұлу қыз, қыран бүркіт, тазы, тұлпар, ұлттық ойындар мен өнер-білім. Жобаны қолға алған кәсіпкер Бауыржан Білман бұл бастаманың мақсаты — балалар мен туристерге қазақ мәдениетін бір жерде, бір уақытта кеңінен көрсету екенін айтады.

«Туристер көп, сұраныс бар. Бірақ ұлттық құндылықтарды көрсету үшін қаладан тыс жерге баруға тура келеді. Бұл экскурсоводтарға да, ата-аналарға да қиындық тудырады. Сондықтан бәрін бір алаңда біріктіру керек болды», — дейді ол.

Этноауыл тек ойын-сауық емес, этномузей қызметін де атқарады. Мұнда еліміздің әр өңірінен келген қолөнершілер өз туындыларын ұсынып, шеберлік сабақтарын өткізеді. Киіз басу, ағаш ою, ұлттық өрнек салу сияқты дәстүрлі өнер түрлерін үйренуге мүмкіндік бар.

Сондай-ақ қонақтар үшін атқа міну, садақ ату, асық ойнау, арқан тарту сынды ұлттық ойындар ұйымдастырылады. Бағдарламада қазақтың күйі мен жырын тірідей тыңдап, ұлттық тағамдар жасауды үйренуге де болады. Бүркіт пен тазының өнерін тамашалау да — ауылдың ең қызықты сәттерінің бірі.

Этноауыл жаз бойы әр сенбі және жексенбі күндері келушілерге ашық. Туристер үшін арнайы 3–4 сағаттық мәдени бағдарлама қарастырылған.

Малика Рүстем
тілші