Германиядан келген қонақтарға қазақы ізет

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі
Германиядан Қытайға дейінгі сапарға шыққан екі велошабандоз Павлодар облысындағы полицейлердің көмегіне сүйсініп, әлеуметтік желі арқылы ерекше алғысын білдірді.
Шарбақты — Астана автожолын патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері Абай Тыныбаев пен Мақсат Қожанбаев рұқсат етілмеген жолмен келе жатқан велошабандоздарды тоқтатып, мән-жайды сұрастырған. Байқап қарағанда, бұл екеуі жай саяхатшылар емес, олар — Германиядан Қытайға дейінгі сапармен жолға шыққан, тіпті Гиннес рекордтар кітабына енуге ниетті саяхатшылар екен.
Жол тәртібін бұзғандарын білмеген қонақтарға полицейлер айыппұл салудың орнына түскі ас ұсынған. Ас үстінде емен-жарқын әңгіме өрбіп, сапардың мақсаты мен бағыттары сөз болған. Өз кезегінде тәртіп сақшылары да өз қызметтері жайлы баяндап, Қазақстан полициясының келбетін таныта түсті.
Полицейлер онымен тоқтамай, оларға азық-түлік әперіп, Екібастұз қаласына дейін көлікпен шығарып салып, әріптестеріне тапсырады. Кешкісін бұл екі саяхатшының жолы аға лейтенант Дархан Таурбаевпен түйісіп, ол қонақтарды өз үйіне шақырып, түнеуге жағдай жасайды. Таңертең оларды Екібастұздағы "Богатырь" көмір кен орнына апарып, ерекше көріністермен таныстырады.
Шетелдіктер осындай жылы қарым-қатынас пен адамгершілікке толы қамқорлыққа алғыстарын айтып, сапарларын әрі қарай жалғастырды. Қоштасарда полицейлер оларға жол ережесін сақтауды, қиындық туындаса, жергілікті тәртіп сақшыларына сенім артуға болатынын айтты.