Жүгір де жең!

Астана қаласының әкімдігі
Астанада салауатты өмір салтын насихаттауға арналған ерекше спорттық шара – «BAIQONYR RUN» жеңіл атлетикалық жарысы өтті. Бұл бастама «Астана – есірткісіз қала» атты кең көлемді акция аясында ұйымдастырылды.
Жарысты қалалық әкімдік пен спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы бірлесе өткізді. Қатысушылар «Алатау» спорт кешені аумағындағы белгіленген 4 шақырымдық қашықтықты еңсерді.
500-ден астам адам қатысқан шарада 10 жастан асқан балалар мен ересектер белсенділік танытты. Жарыс соңында қатысушыларға арнайы естелік медальдар табысталып, 10 велосипед ұтысқа тігілді.
Айта кетейік, «Астана – есірткісіз қала» акциясы 2025 жылдың басында басталып, бүгінге дейін 300-ден астам іс-шара қамтылды. Жақында өткен велошеру де соның жалғасы болды. Жыл соңына дейін тағы 100-ге жуық іс-шара өткізу жоспарланып отыр.
Бұл жарыс – жастарды салауатты өмірге жетелейтін нақты қадамдардың бірі болды.