НАРХОЗДА ӘСКЕРИ АНТ

Патриот жаршысы
99

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі

Алматыда Нархоз университеті әскери кафедрасының 300-ден астам студенті салтанатты түрде әскери ант қабылдады. Бұл – олар үшін отансүйгіштікке алғашқы нақты қадам әрі Қарулы Күштер қатарына қосылуға дайын екендіктерінің дәлелі.

Әскери ант қабылдау рәсіміне әскери кафедра бастығы, запастағы полковник Тілек Әбдірахманов, университет президентінің кеңесшісі, профессор Саможан Өмірзақов, ЖОО кәсіподақ ұйымының төрағасы Октябрь Тұрсынжанов, отставкадағы генерал-майор, Қарулы күштер ардагері Владимир Тузиков және студенттердің ата-аналары мен туыстары қатысты.

Нархоз университетінің әскери кафедрасында болашақ офицерлер мен сержанттар сегіз әскери-есептік мамандық бойынша дайындықтан өтеді. Олардың ішінде тылдық, құқықтық, қаржылық, құрылыс және жұмылдыру бағыттары қамтылған. Ал 2021 жылдан бастап азық-түлік, заттық және қосалқы қамтамасыз ету салалары бойынша да сержанттар даярлана бастады.

– Әскери кафедра бізге тәртіпті, ұжыммен үйлесімді әрекет етуді және бейбіт өмірдің құнын ұғынуды үйретті. Бүгінгі ант – жай ғана рәсім емес, бұл – саналы түрде Отанды қорғауға дайын екенімізді білдіретін маңызды қадам, – деді әскери ант қабылдаған студент Әлібек Жолдасбеков.

Салтанатты рәсім – студенттердің әскери даярлығының қорытындысы, әрі болашақ офицерлер мен сержанттардың патриоттық рухын арттыруға арналған маңызды кезең болды.

Айта кету керек, Нархоз әскери кафедрасы 2002 жылдан бастап бүгінге дейін 4365 запастағы офицер мен 1289 сержант даярлап шығарған. Бұл – оқу орнының ел қауіпсіздігіне қосып жатқан қомақты үлесі.

Малика Рүстем
тілші