Ескек есу — болашақ чемпиондардың алғашқы қадамы

Патриот жаршысы
114

Астана қаласының әкімдігі

Астанадағы «Толқын» спорт кешенінде 2009–2013 жылдары туған жасөспірімдер арасында каноэ мен байдаркада ескек есу спортынан қалалық чемпионат өтіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Айта кетейік, Олимпиада бағдарламасына енген бұл спорт түрі елордада 2000 жылдан бері тұрақты дамып келеді. Қатысушылардың көпшілігі — бұл спортқа небәрі 1–2 ай бұрын ғана келген жеткіншектер. Осы жарыс олардың су үстіндегі алғашқы тәжірибесі болмақ.

Турнир алдында «Толқын» спорт кешенінің жанындағы ескек есу каналы қайта жаңартылып, 2025 жылы пайдалануға берілген болатын. Қазір мұнда жаңадан үйренушілер жаттықса, тәжірибелі спортшылар Есіл өзенінде шеберлігін шыңдайды.

Жарыс барысында қатысушылар 200 және 500 метр қашықтықты уақытпен жүзіп өтуге тырысады. Белгіленген нормативті орындай алмағандарға тағы бір ай дайындық уақыты беріледі.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер алдағы уақытта Алматы мен Теміртауда өтетін республикалық сайыстарға жолдама алады. Бұл – жас спортшылар үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашатын алғашқы баспалдақ.

Малика Рүстем
тілші