Ұлттық ұлан ант берді

Патриот жаршысы
69

ІІМ Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Ұлттық ұлан академиясында ерекше салтанат өтті – 30-дан астам жас курсант әскери ант беріп, болашақ офицерлік жолдағы алғашқы қадамдарын жасады. Олар Ресей Федерациясы мен Түркия Республикасының әскери оқу орындарына оқуға аттанбақ. Барлығы да халықаралық келісімдер аясында, қатаң іріктеу арқылы таңдалған үміткерлер.

Биылғы ант қабылдау рәсімі ерекше сәттерге толы болды. Алғаш рет әскери-медициналық бағыт бойынша оқуға түсіп, Санкт-Петербургке аттанғалы отырған екі ару салтанатты түрде қатарластарымен бірге ант қабылдады. Бұл – құқықтық тәртіп әскерінің тарихындағы жаңа бетбұрыс деуге болады.

Академия бастығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Ерден Балғымбаев курсанттарды құттықтай отырып, бұл күннің маңызын ерекше атап өтті:

«Сіздер Қазақстан атынан өзге мемлекеттерде білім алуға барасыздар. Сол арқылы еліміздің абыройын асқақтатып, ұлттық ұланның рухын паш етесіздер. Сіздердің тәртіп пен үлгілі мінез-құлықтарыңыз арқылы шет елдер біздің елімізді танып-білетін болады», – деді ол.

Жас сарбаздарға Петропавл қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Иманғали Тәтваев та ізгі тілегін білдірді. Ол әскери анттың рухани әрі кәсіби жауапкершілігін еске салды:

«Бұл ант – өмір бойғы бағдар болуға тиіс. Офицер болу – мәртебелі міндет, ол нағыз отаншылдық пен батылдықты талап етеді», – деді ардагер.

Курсанттар атынан сөз алған Азамат Тұрсынханов көрсетілген сенім үшін алғыс айтып, шетелдік оқу ордаларында ел намысын биіктен көрсетуге уәде берді.

Малика Рүстем
тілші