Астанада тәртіп бұзғандарға – қатаң бақылау

Патриот жаршысы
82

Астана қаласының әкімдігі

Елордада вандализм мен қоғамдық тәртіпті бұзуға қарсы ауқымды рейд басталды. Бұл шара Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен қолға алынып, жастар жиі жиналатын орындарға ерекше назар аударылды.

Скейтбордшылар, велосипедшілер және BMX-райдерлердің бас қосатын аумақтары рейд барысында басты бақылауға алынды. «Біз тұрғындармен тілдесіп, бөтеннің немесе коммуналдық мүлікті бүлдіру – заң алдында жауап беруді талап ететін әрекет екенін түсіндіріп жатырмыз», – деді Сарыарқа ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы Дамир Хисматуллин.

Рейд кезінде «Шапағат» базары маңында тұрақты мекенжайы жоқ азаматтарды анықтау жұмыстары да жүргізілді. Іс-шараға 30-ға жуық адам қатысты. Олардың қатарында еріктілер, қоғам белсенділері, танымал блогерлер мен спортшылар болды. Белсенділердің арасында Паралимпиада чемпионы Ақмарал Науатбек, актер Асылхан Төлепов және блогер Тимур Асылханов та бар.

Рейдтің басты мақсаты – алдын алу және тәртіп бұзудың жолын кесу. «Заң және тәртіп» жобасы аясында жүзеге асқан бұл шараның негізгі ұстанымы – құқық бұзушылыққа «нөлдік төзімділік» қағидасын енгізу. «Тәртіп – қоғамның негізі. Әр азамат тазалық пен қауіпсіздік үшін жауапты. Сол себепті әлеуметтік нормаларды сақтау маңызды», – деді Дамир Хисматуллин.

Сарыарқа ауданы әкімдігі мен полиция қызметкерлері мұндай жағдайлардың алдын алу үшін тұрақты түрде оқу орындарында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Сонымен қатар, мәдени және спорттық іс-шаралар кезінде де құқық бұзушылыққа жол берілмейтіні ескертіледі.

Айта кетерлігі, рейд барысында есірткіні насихаттайтын граффити жазуларды бояуға ерекше көңіл бөлінді. Көшедегі тәртіп пен тазалықты сақтау – басты назарда.

Сарыарқа ауданында басталған бұл шара алдағы уақытта қаланың басқа аудандарында да тұрақты түрде жалғасады. Құқық бұзғандарға айыппұл салу немесе әкімшілік қамауға алу түріндегі шаралар қолданылмақ.

Малика Рүстем
тілші