Ақтөбелік Ерқанат әлемдік олимпиададан жүлдемен оралды

Патриот жаршысы
69

Ақтөбе облысының әкімдігі

2025 жылғы 16–19 шілде аралығында Австралияның Саншайн-Кост қаласында өткен ең беделді білім додаларының бірі – Халықаралық математикалық олимпиадада (IMO-2025) Қазақстан оқушылары үлкен жетістікке жетті. Биылғы жарысқа әлемнің 100-ден астам елінен 600-ге жуық дарынды жас математик қатысты.

Қазақстан ұлттық құрамасының барлық мүшелері жүлдегер атанып, елге төрт күміс және екі қола медаль алып келді. Жүлдегерлер қатарында ақтөбелік Ерқанат Кеңшілік те бар. Ол – дарынды балаларға арналған «Білім-инновация» лицейінің оқушысы, биылғы халықаралық олимпиаданың қола медаль иегері.

Ерқанаттың математик ретіндегі жолы ауыл мектебінен басталды. Ол бастауыш сыныптан бастап-ақ білімге деген ынтасымен көзге түсіп, «Мың бала» ұлттық олимпиадасының жеңімпазы атанды. Бұл жеңіс оған мамандандырылған лицейге емтихансыз түсуге жол ашты.

Бүгінде Ерқанат – түрлі деңгейдегі зияткерлік байқауларда топ жарып жүрген жас дарын. 2021–2025 жылдар аралығында ол республикалық және халықаралық бірнеше олимпиадаларда үздік нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, «Қазақстан Білім», «Жібек жолы», «Жәутіков», Азия-Тынық мұхиты, Балқан, Иран секілді беделді жарыстарда жүлдегер атанды.

Математикаға ерекше құштарлығымен көзге түскен Ерқанаттың білімге деген табандылығы мен ізденісі – еліміздегі дарынды оқушыларға үлкен үлгі. Ол – жас та болса, ұлттық құраманың сенімді мүшесі әрі Қазақстанның атын әлемге танытып жүрген жас математик.

Малика Рүстем
тілші