JOLTAP: Жас дизайнерге жол ашқан жоба

Астана қаласының әкімдігі
Астанада тұрғындардың кәсіби дамуына мүмкіндік беретін JOLTAP жобасы қарқынды түрде жалғасып жатыр. Жоба еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарды игеруге жол ашып, әсіресе жастар үшін тың мүмкіндіктер ұсынуда. Солардың бірі - елордалық студент Далер Жанбаев.
Астана Халықаралық университетінде «Сәулет және дизайн» мамандығында оқитын Далер жобаның «Веб-дизайн» бағыты бойынша білім алған.
Оның айтуынша, 12 күндік оқыту курсы заманауи техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген аудиторияда өткен. Сабақ барысында қатысушылар Tilda платформасымен, сонымен қатар интерфейс дизайнымен жұмыс істеуді үйренген.
Далер алдағы уақытта «Графикалық дизайн» және «SMM» курстарына қатысып, цифрлық салалардағы білімін одан әрі толықтырмақ.
Айта кетейік, JOLTAP – Астана тұрғындарына арналған тегін қысқамерзімді курс. Оқу 18 бен 50 жас аралығындағы азаматтарға қолжетімді. Қатысушыларға сертификат табысталып, түлектер туралы ақпарат JUMYSTAP.KZ платформасында жарияланады. Бұл – жұмыс табуға, тәжірибе жинауға және жаңа саланы игеруге берілген тамаша мүмкіндік.