Астанада алғашқы әскери балуандар чемпионаты басталды

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі
Астанадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық кешенінде тарихта алғаш рет әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен әлем чемпионаты шымылдығын түрді.
Бұл айтулы дода Халықаралық әскери спорт кеңесінің (CISM) бастамасымен өткізіліп, әлемнің 20-дан астам елінен 250-ге жуық спортшыны жинады. Жарысқа Бразилия, Иран, Қытай, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия сынды мемлекеттердің мықты балуандары қатысуда.
Қазақстан құрамасы қатарында әлем және Азия чемпиондары, Көшпенділер ойындарының жеңімпаздары, әлем кубогының иегерлері бар. Ерлерден:
-
Бекжан Төлепов (55 кг) – екі дүркін әлем чемпионы;
-
Ашым Сағындық (66 кг) – әлем кубогының иегері;
-
Нұрдәулет Бақтыбайұлы (82 кг) – әлем кубогының иегері;
-
Айбек Ізтілеуов (100 кг) – ұлттық турнир жеңімпазы.
Әйелдерден:
-
Айжан Жылқыбаева (48 кг) – Көшпенділер ойындарының жеңімпазы;
-
Рауза Нұрмұхамметова (56 кг) – екі дүркін әлем чемпионы;
-
Зарина Сәріпова (65 кг) – әлем және Азия чемпионы;
-
Зәмзагүл Файзолланова (77 кг) – Қарулы күштер құрамасының капитаны.
Турнирдің алғашқы жартысында іріктеу және жартылай финал белдесулері өтті. Кешкісін финалдық жекпе-жектер мен салтанатты ашылу рәсімі өтпек.
Чемпионат Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр. Жарыс ұлттық спортты насихаттауға, әскери-спорттық ынтымақтастықты нығайтуға және халықаралық тәжірибе алмасуға жол ашады.
Қазақстан балуандары өз жерінде өтетін алғашқы әлем чемпионатында ел намысын абыроймен қорғауға дайын.