Астанада «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі басталды

ҚР Оқу-ағарту министрлігі
Бүгін басталған жұмысшы мамандықтар қаласы фестивалі бес күн (11-15 ақпан) бойы өтеді. Іс-шараны ұйымдастырушы Оқу-ағарту министрлігі.
«Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі — Жұмысшы мамандықтарының жылын ресми түрде ашатын алғашқы іс-шара. «Жұмысшы мамандықтары қаласында» сегіз тақырыптық көше ашылды: тау-кен ісі және металлургия, машина жасау және көлік, энергетиктер мен мұнайшылар, ауылшаруашлығы, су шаруашылығы мамандары, құрылысшылар, құтқарушылар, өрт сөндірушілер, медицина көшелері, сондай-ақ болашақ мамандықтарына арналған көшелер де бар. Сонымен қатар кәсіби дамудың түрлі салалары мен бағыттарын көрсететін 40 креативті үй ұсынылған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бірнеше күн бойы семинарлар, мұнай және энергетика өнеркәсібі тақырыптары бойынша хакатон, мамандықтар шеруі, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, стартаптардың тұсаукесері, машина жасау бойынша шеберлік сабақтары, концер пен халықаралық аккредиттелген колледждердің тренингі секілді іс-шаралар өтеді.
Фестивальге болашақ жұмысшы мамандары, жұмыс берушілер мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары мен өкілдері қатысып жатыр.
Айта кетейік, «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі күн сайын сағат 10:00-ден 18:30-ға дейін Астана қаласы Мәңгілік ел даңғылы, 53/1 мекенжайы «EXPO» халықаралық көрме орталығында өтеді.