Сарбаздар қайта сапта

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі
«Мәтібұлақ» оқу полигонында Алматы, Жамбыл облыстары мен Алматы қаласынан шақырылған әскери міндеттілердің қатысуымен оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр. Жиын Гвардейск гарнизонындағы 22326 әскери бөлім базасында ұйымдастырылған.
Әскери жиынға 370-тен аса бұрын мерзімді әскери қызметтен өткен азаматтар қатысуда. Мұндай іс-шаралар армия резервін толықтырып, әскери машықтарды жаңғырту мен жауынгерлік әзірлікті арттыруды көздейді.
- Оқу жиыны бір айға созылады. Негізгі назар тәжірибелік сабақтарға бағытталған. Әскери міндеттілер тактикалық, атыс және саптық дайындықтан өтіп, бөлімше құрамында әрекет етуді меңгереді, - деді жиын жетекшісі, Гвардейск гарнизонының бастығы полковник Файзулла Досанов.
Сарбаздар оқу барысында бақылау сынақтары мен емтихандар тапсырады. Өзінің әскери-есептік мамандығы бойынша білімін табысты дәлелдегендерге кезекті әскери атақ беріледі.
- Әскерде борышымды өтегенмін. Бірақ жылдар өте машықтар ұмытылады. Бұл жиын – соны қалпына келтіруге тамаша мүмкіндік. Отан алдындағы парызымды орындауға әрқашан дайынмын, - дейді жиын қатысушысы Ернар Маутханов.
Жиынға келген әскери міндеттілер қажетті құралдармен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, олардың жұмыс орындары сақталып, республикалық бюджет есебінен орташа жалақы төленеді.