Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлеріне – 32 жыл

Патриот жаршысы
164

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі

Қазақстан Қарулы Күштерінде 19 маусым – Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің құрылған күні ретінде аталып өтеді. Бұл құрылым 1992 жылы еліміздегі маңызды нысандар мен азаматтарды әуеден келетін қауіп-қатерлерден қорғау мақсатында құрылған болатын.

Уақыт өте келе соғыс жүргізу әдістері өзгеріп, ұшқышсыз ұшу аппараттары сияқты заманауи шабуыл түрлері пайда болуына байланысты әуе шабуылына қарсы қорғаныс құрылымдары да жаңаша бағытта дамып келеді. Бұрынғы зениттік зымыран кешендерімен күресу мүмкін емес шағын дрондар мен жаңа типтегі қауіптерге қарсы арнайы бөлімшелер жасақталып жатыр. Ескі техника біртіндеп заманауи жүйелермен алмастырылып, барлау мен жою жүйелері жаңартылуда.

Қазіргі таңда бұл міндетті Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері, Құрлық әскерлерінің әуе қорғаныс бөлімдері және Әскери-әуе күштері бірлесіп атқарады. Басты соққы күші – зениттік зымыран бөлімдері мен радиотехникалық әскерлер.

Қазақстандық мамандар «Сарышаған» полигонында өткен «Жауынгерлік достастық», «Ашық аспан» және «Әуе кілттері» атты халықаралық жаттығуларға қатысып, тәжірибе алмасып жүр. Бұл жаттығуларда С-300 зымыран кешендері мен радиолокациялық жүйелер белсенді қолданылды.

Бүгінде әскеріміздің қорғаныс әлеуетін арттырып отырған техникалардың қатарында «Бук-М2Э», «Тор-М2К» зениттік зымыран кешендері, GM-403 «Нұр» және «Роса-РБ» радиолокациялық станциялары бар. Бұл жүйелердің техникалық қызметі мен жаңғыртылуы отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің кәсіпорындарында жүзеге асырылады.

Қорғаныс министрлігі қазіргі заманғы әуе қауіптерін тиімді бақылап, дер кезінде әрекет ету үшін әскерлерді жаңа буындағы басқару, байланыс және барлау құралдарымен қамтамасыз етіп келеді.

Малика Рүстем
тілші