Шәмшіге тағзым: Елордада жүректі тербеткен ән кеші өтті

Астана қаласының әкімдігі
Астана күніне орай елордада Қазақстанның халық композиторы Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына арналған «Әнім сен едің» атты мерекелік концерт өтті. Шараны Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония ұйымдастырды.
Концерт «PHILHARMONIC FEST-2025» музыкалық фестивалі аясында, филармония маусымының жабылуына орай өткізілді. Фестиваль шеруімен басталған мәдени шара орталық саябақ арқылы халыққа рухани тарту ретінде ұсынылды.
Концерттің мақсаты – ұлт руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын насихаттау, оның әндеріндегі отансүйгіштік пен махаббатты жас ұрпақтың бойына сіңіру.
Филармонияның режиссері Бақыт Тәженовтың айтуынша, концерт көрерменмен ерекше жылы атмосферада өтті. «Шәмші әндері – халықтың жүрегінен шыққан шынайы сезімнің үні. Бүгінгі кеште көрермен әр шығарманы ыстық ықыласпен қарсы алды», – деді ол.
Концерттік бағдарламада композитордың «Арыс жағасында», «Сен сұлу», «Ана туралы жыр», «Сағынышым менің», «Ақ бантик», «Ақмаңдайлым», «Бақыт құшағында» сынды 20-ға жуық танымал туындысы орындалды. Бұл әндер – бірнеше буынның жадында жатталып, ел жүрегінен орын алған ұлттық мұра.