Amanzholov University: Металды қорғайтын жаңа буын жабындар

Патриот жаршысы
23

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің профессоры Манарбек Қылышқанов энергетика саласына арналған ерекше ғылыми жобаны жүзеге асырып жатыр. Мемлекеттік грант иеленген бұл жоба металл бөлшектерді жоғары температура мен агрессивті ортаның әсерінен қорғауға бағытталған.

Ғалымның айтуынша, жобада газотермиялық бүрку мен лазерлік өңдеуді біріктіретін заманауи технология әзірленуде. Бұл әдіс арқылы никель, хром, бор және кремний негізіндегі (Ni-Cr-B-Si) қорытпалардан тығыз әрі төзімді антикоррозиялық жабындар жасауға мүмкіндік бар.

- Бұл жабындар металл бетінде ыстыққа, қысым мен тозуға өте берік қабат қалыптастырады. Бұл – энергетикалық жабдықтардың сенімділігін арттырудың және жөндеу шығындарын азайтудың тиімді жолы, - дейді профессор Манарбек Қылышқанов.

Энергетикалық машина жасау - аса күрделі және жоғары талап қойылатын сала. Мұндағы құрал-жабдықтар үнемі шектен тыс жүктемеде жұмыс істейді, ал кез келген ақау үлкен шығынға немесе өндіріс үзілуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан мұндай қорғаныш жабындар – қауіпсіздік кепілі.

Ғалымдар тобы жаңа жабындардың беріктігі мен сенімділігін халықаралық ASTM стандарттары бойынша сынақтар арқылы дәлелдеуде. Бұл тәжірибелік қолданысқа жол ашады. Айта кету керек, бұл - пәнаралық жобалардың бірі. Материалтану, физика, химия және механика ғылымдарының тоғысында жүзеге асырылып жатқан бастама - тың жаңалықтарға жол ашатын ғылыми түйісу нүктесінің көрінісі.

Сонымен қатар жоба аясында жас инженерлер мен зерттеушілерді дайындау қолға алынған. Университеттің мақсаты - тек технологияны меңгеретін емес, оны жетілдіре алатын жаңа буын мамандарын даярлау. Бұл - еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға жасалған маңызды қадам.

Малика Рүстем
тілші