Полицей 100 шақырымда үздік шықты

Патриот жаршысы
179

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі

Елордада өткен 100 шақырымдық ультрамарафонда ҚР Ішкі істер министрлігінің Дене шынықтыру және спорт басқармасының аға инспекторы Дәурен Камалиев ерекше нәтижеге қол жеткізді. Ол мәреге 13 сағат 14 минутта жетіп, абсолюттік есепте екінші орынды иеленді.

Жарыс 6–8 маусым күндері Астананың Орталық саябағында ұйымдастырылды. Қатысушылар арнайы жабындысы бар 1020 метрлік шаңғы-роллер жолында 100 шақырымды бағындыруға тырысты. Бұл сайыс Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының және World Athletics халықаралық стандарттарына сай өтті. Қатысушыларға 15 сағат ішінде мәреге жету міндеттелді.

Дәурен Камалиевтің бұл жеңісі – тек спорттық жетістік емес, сондай-ақ ерік-жігер мен темірдей төзімділіктің көрінісі. Ол өз табандылығы арқылы құқық қорғау саласында қызмет ететін мамандардың тек кәсіби ғана емес, рухани жағынан да шыныққанын көрсетті.

Қызметі қауырт, тәртібі қатаң салада еңбек ете жүріп, осындай ұзақ қашықтықты еңсеру — шын мәнінде үлкен ерлік. Дәурен Камалиев бұл жетістігімен әріптестеріне үлгі бола білді.

Малика Рүстем
тілші