ЕГІЗДЕР ЕЛ ҚОРҒАНЫНДА

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі
Гвардейск гарнизонындағы инженерлік-саперлік полкте егіз жігіттер – Ерзат пен Бекзат Жүнісовтер қатар тұрып, Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп жүр. Биыл көктемде Шымкент қаласынан әскерге аттанған ағайындылар бұған дейін колледжде оқып, техникалық мамандықтарды меңгерген: Ерзат – автомеханик, ал Бекзат – автослесарь.
Әскер қатарына алғаш шақырту келгенде, Ерзат сәл толқығанын жасырмайды. Анасының екі ұлын бірдей уайымдайтынын ойлап, бауырын жалғыз аттандыруды қалаған. Алайда Бекзат: «Сен барсаң, мен де барамын!» – деп, бауырлық сертке берік екенін көрсетті. Уақыт өте бұл шешімнің дұрыс болғанына Ерзаттың өзі де көз жеткізді. Қазір ол БАТ-2 жолсерігінің механик-жүргізушісі болып қызмет атқарып, сирек әрі жауапты мамандықты игеріп жүр. Ал Бекзат болса, саперлік істің қыр-сырын меңгеруде.
– Армия біз ойлағандай емес екен. Мұнда тәртіп, уақытты бағалау, бірлік пен жауапкершілік деген ұғымдар нақты сезіледі. Күн сайын жаңа нәрселерді үйреніп жатырмыз. Ең бастысы – сенімді достар таптық, – дейді Бекзат.
Полк басшылығы да Жүнісовтер жайлы оң пікірде. Майор Ерболат Әлжановтың айтуынша, егіздер тәртіпке де, тапсырмаларға да аса жауапкершілікпен қарайды, үлгілі сарбаздар қатарында.
Айта кетерлігі, ағайынды жігіттерді үйде тек ата-аналары емес, колледж кезінен бірге оқыған егіз қыздар да сағынышпен күтіп жүр екен. Олардың осы сезімі Ерзат пен Бекзатқа рух беріп, елге адал қызмет етуге ерекше мотивация сыйлап отыр. Бүгінде бауырлар бір сапта, бір ту астында Отанын қорғай жүріп, нағыз ер азаматқа айналып келеді.