«ӘР АЗАМАТ ӨЗ ЕЛІНІҢ ПАТРИОТЫ БОЛУЫ КЕРЕК»

Патриот жаршысы
293

Бүгінгі қоғамдағы педагогтың миссиясы бұрынғыдан да ауқымды, бұрынғыдан да жауапты. Бұрынғыдай тек сабақ беріп, білім үйретумен шектелу жеткіліксіз. Ұрпақ тәрбиесі дегеніміз – ұлттың ертеңін қалыптастыру. Осы орайда біз Ілияс Жансүгіров атындағы №58 мектеп-гимназиясының директоры, білім беру ісінің майталманы Ақмоншақ Нұртазақызымен сұхбаттасып, бүгінгі білім жүйесіндегі ең өзекті мәселелер мен бала тәрбиесіндегі жаңа көзқарастар төңірегінде ой өрбіткен едік.

–Отанға деген сүйіспеншілік адам бойында қалай қалыптасады деп ойлайсыз? Бұл туа біте берілетін сезім бе, әлде тәрбиемен қалыптаса ма? 

–Кез келген адамның Отанға деген махаббаты жоғары болуы тиіс. Елге деген сүйіспеншілік – адамды тұлға ретінде қалыптастыратын маңызды құндылықтардың бірі. Адам өмірге келгеннен кейін оның ең алдымен физиологиялық қажеттіліктері қанағаттандырылады. Содан соң ол алғашқы махаббатты – анасын сүюді үйренеді. Ал Отанға деген махаббаттың негізі – тәрбие арқылы қаланатын сезім. Бұл жерде отбасының, ата-ананың рөлі ерекше. Үйдегі тәрбиенің ықпалымен бала бойында туған жерге, елге деген сүйіспеншілік сезімі ояна бастайды. Кейін бұл тәрбие мектепте жалғасады. Мектепте ата-ана үйде сіңірген елге қызмет ету, Отанды сүю секілді құндылықтарды біз тереңдетіп, патриоттық сезімді нақты мысалдармен түсіндіреміз. Осылайша бала екі жақтан – отбасынан және мектептен алған тәрбиенің ықпалымен  патриот болып қалыптасады деп есептеймін.

–Қазіргі таңда жастардың патриоттық сезімін қалай бағалар едіңіз? Оны қалай дамытып, күшейте аламыз?

–Бір нәрсеге баға бермес бұрын, алдымен «Мен кіммін?», «Мен осы бағытта не істеп жүрмін?» деп өзімнен бастаймын. Өз басым – патриотпын деп айта аламын. Сол себепті де қазіргі жастардың бойындағы өзгерістерді, даму үрдісін өзімше ұғынып, оны дұрыс бағытта пайдалануға тырысып келемін. Жастардың дарынын ашып, оларды елге, ұлтқа қызмет етуге бағыттау – жүрекпен істелетін жұмыс. Себебі әр азамат өз елінің нағыз патриоты болуға тиіс. Мен шетелде  тағылымдамадан өттім. Жылына екі-үш рет шетелге барып, түрлі елдердің білім жүйесін зерттеп жүрген маман ретінде бір нәрсені анық айта аламын: қанша ел көріп, қанша тәжірибе жинасам да, туған еліме деген махаббат ешқашан сөнген емес. Сөнбейді де. Керісінше, өз еліме деген сүйіспеншілік одан сайын күшейе түседі. Қазір менің басты мақсатым – осы патриоттық сезімді жастардың бойына дарыту. Бұл – үлкен идеологиялық жұмыс. Және мен бұл жолда алғашқы қадамдарымды жасап жатырмын деп есептеймін. Жастарға «мынау – патриот, анау – патриот емес» деп біржақты баға бергім келмейді.  Иә, өкінішті тұстар бар. Бүгінде кейбір жастар «шетелге кетсем» деп армандайды, өмірін сырт елдермен байланыстыра қарайды. Бірақ мені алаңдататыны – мектеп бітіре салып, әлі тұлғалық болмысы толық қалыптаспаған күйінде шетелге кетіп қалатын жастар. Осындай жағдайда білім қуып барған баланың елге қайтып келмеу қаупі бар. Мен жастардың шетелде білім алуына қарсы емеспін. Керісінше, толық қолдаймын. Бірақ бұл жолға түспес бұрын жас буын өз еліне деген жауапкершілікті сезінетін деңгейге жетуі тиіс. Ол – ең алдымен отбасындағы тәрбие мен мектеп қабырғасында қалыптасатын патриоттық сана. Жас ұрпақ «Мен шетелде алған білімімді елімнің игілігіне жұмсай алам ба?» деген сұрақты үнемі өзіне қойып отыруы қажет.  Сондықтан да мен жастарға «алдымен елдің ішіндегі білімді көр, сосын шетелге шық, салыстыр, сарала, жақсысын ал, жаманын алма, бірақ алғаныңды елге жұмса» деген ниетпен қараймын. Қуанышқа орай, бүгінгі таңда елін сүйетін, ұлттық болмысқа құрметпен қарайтын жастар өсіп келеді. Бірақ, өкінішке қарай, «анау жаман, мынау жаман» деген көзқарасты ұстанатындар да жоқ емес. Ондай жастарға мен үнемі айтамын: «Ел маған не береді деп емес, мен елге не беремін?» деген ұстанымды қабылда. «Маған бұл қоғам ұнамайды» деме, қайта «Мен осы қоғамды қалай жақсарта аламын?» деген сұрақты өзіңе қой.

–Заман талабы өзгерген сайын балалардың өмірді қабылдауы да өзгереді. Жалпы баламен «тең болу» дегенді сіз қалай түсінесіз? Осы теңдікті бұзбай, тәрбие берудің жолын қалай табуға болады?

–Қазіргі қоғам күн сайын өзгеріп жатыр. Бұл өзгерістен балалар да тыс қалмайды. Себебі олар цифрлы дәуірде дүниеге келіп жатыр. Гаджетпен туып, ақпаратты секунд сайын қабылдап отырған заманда өмірдің ырғағы да жылдам. «Мынаны ертең істеймін» деп күтіп отыратын уақыт жоқ. Бәріне үлгеріп қалу керек. Сондықтан өмір сүру темпі өзгерді, талап та өзгерді. Сол қарқынға ілесе алсаң – алға жүресің, ілесе алмасаң – артта қаласың. Иә, енді менің қазіргі ұстанып жүрген тәсілім, бағытым - балаға сенім арту. Бала түгілі, бүгінде кейде үлкендердің өзіне де сенім артпайтын жағдайлар болып жатады. Ал бала саған сенуі керек. Сол сенімді ақтай алған сәтте ғана сен оның жүрегіне жол табасың. Мағжан Жұмабаев та, Ыбырай Алтынсарин де кезінде осыны айтқан. Баланың ықыласын, ілтипатын оятып барып қана тәрбие де, білім де беруге болады. Мен бұл ойды ұстаздар қауымына да, ұжымдарға да үнемі айтып жүремін. Қазір қоғам екіұдай көзқараста: балаға еркіндік беру оны басынуға итермелейді деп қауіптенеді. Бұл орынды сұрақ. Бірақ менің ұстанымым – «қатал ұстадың екен деп, сындырып алма». Қазіргі балалар біздің көрген қаталдықты көтере алмайды. Бұл оларды бетімен жіберу керек деген сөз емес. Тепе-теңдікті сақтай білу – басты шарт. Қажет жерде талап қойып, тәртіпті ұстандыру керек. Соның бәрін махаббатпен жеткізе білсең, бала қабылдайды. Дәл сол секілді ұстаз да өз махаббатын балаға бере білуі керек. Баланың жүрегі сенің шынайылығыңды, адалдығыңды сезінсін. Сонда ғана сен тәртіп орнатасың, білім бересің, талап қоясың. Ал егер жүректен орын алмай тұрып, бірден білім беруге ұмтылсақ – ол жүзеге аспайды. Қазіргі білім жүйесіндегі олқылықтың бір себебі де – осы. Менің жалпы ұстанымым – ең алдымен баланың білімге деген құштарлығын ояту. Ол құштарлық – мұғалімге деген ықыластан басталады. Сол ықылас оянған кезде ғана біз балаға саяси, рухани, ұлттық тәрбие мен білімді бере аламыз.

–«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деп Әл-Фараби айтып кеткен. Осы тепе-теңдікті сақтап қалу үшін не маңызды деп ойлайсыз?

–Осы ойды Бауыржан Момышұлының: «Тәртіпке бағынған ел – құл болмайды» деген нақылы да толықтыра түседі. Расында, тәрбие – бәрінің бастауы. Қанша жерден бала ақылды, білімі терең, IQ жоғары, технологияны жетік меңгерген болса да, егер оның бойында тәрбиелік негіз болмаса – бәрі бекер. Мысалы, баланың ақыл-ойы жоғары, IT маманы болып шықты делік. Бірақ егер ол сол білімін теріс мақсатқа, әрекетке пайдаланса, оның қоғамға қандай пайдасы бар? Сондықтан білім мен тәрбиенің тепе-теңдігі бұзылмауы тиіс. Бұл тәрбие отбасынан басталуы керек. Үйде көргені – баланың болмысын қалыптастырады. Мектеп тек сол іргетастың үстіне қосымша қабаттарды қалайды. Қазір қоғамда бір пікірталас бар: тәрбиені кім беруі керек? Мектеп пе, ата-ана ма? Менің ойымша, ең алдымен тәрбие ата-анадан басталуы тиіс. Ата-ана баланың алғашқы ұстазы. Мектеп осы бастапқы тәрбиені жетілдіреді, кеңейтеді. Біз, мұғалімдер, патриоттық тәрбие болсын, адамгершілік, еңбек тәрбиесі болсын – әр саланы тереңдетіп береміз. Бірақ баланың бойындағы құндылықтардың негізін ата-ана қалайды. Қазір, өкінішке қарай, қоғамда «мектеп кінәлі», «мұғалім дұрыс тәрбие бермейді» деген пікірлер жиі айтылады. Бірақ бала – қоғам мен мектептің, ата-ананың ортақ жемісі. Жауапкершілік те ортақ болуы керек. Ата-аналар тек мектепке итеріп қоймай, өздері де белсенділік танытуы қажет. Жай ғана үлкенді сыйлау, ұстазға құрмет көрсету, баланы еңбекке баулу, қарапайым адами құндылықтарды сіңіру үшін педагогикалық білім қажет емес. Ол үшін тек жүрек пен ниет керек. Былтырғы оқу жылымен салыстырғанда биыл ата-аналардың белсенділігі артып келеді. Мәселен, “Баламды қалай тәрбиелеймін? Қалай тұлға етіп шығарамын?” деп көмек сұрап келсе, біз ешқашан қолымызды қайырып отырмаймыз. Ортақ жұмысқа әрқашан дайынбыз. Өйткені біз баланы бөліп алып, тек мұғалімдікі немесе тек ата-ананікі деп қарауға болмайды. Баланың болашағын бірлесе отырып ойлауымыз керек. Мақсат бір – саналы, тәрбиелі, патриот, еңбекқор, жауапкершілігі жоғары тұлға қалыптастыру. Осы жолда мектеп пен ата-ана бір бағытта жұмыс істесе ғана нәтиже болады. Өкінішке қарай, қазір бұл байланыс кейде үзіліп қалуда. Бір-бірін кінәлап, ортадағы басты тұлға – бала назардан тыс қалып жатады. Менің жаным ауыратын мәселе – дәл осы.

–Сіздің көпбалалы ана екеніңізді білеміз. Қазіргі таңда оқушыларыңызбен арадағы жылы, сенімді қарым-қатынасыңыз осы өмірлік тәжірибеңізбен байланысты деуге бола ма?

–Әрине, бұл өзгеріс бірден келген жоқ. Өзім де байқап жүремін: былтырғы оқу жылымен салыстырғанда биыл менің жұмысымда көп айырмашылық бар. Үйде өз балаларыммен қарым-қатынасым өте ашық, еркін. Олармен дос ретінде сөйлесемін, ойларын тыңдаймын. Кейін ойлана: «неге осы үйдегі тәжірибені мектепте қолданбасқа?» деген ой келді. Өйткені қазір мектептегі ахуалды көріп отырмыз ғой – булинг өршіп тұр, түрлі түсініспеушіліктер көп. Бұрынғыдай «болмайды», «тиым саламын» деген бұйрық тілімен бәрін шеше алмайсың. Қоғам өзгерді, балалар өзгерді. Сол кезде ішімнен бір ой туды: «Мүмкін, мен осы жерде отырып, кішкентай да болса, бір өзгеріс әкелермін?». Тым болмағанда, буллингтің пайызын азайтуға үлес қосармын дедім. Сөйтіп, үйдегі қарым-қатынас моделін мектепке көшіруге тырыстым. Мысалы, балалармен бірге клип түсіреміз, вайн жасаймыз, ән айтамыз. Бұл – олардың бос уақыты. Мен де сол сәтте оларға жақын болуға, ортақ тіл табуға тырысамын. Қазір шүкір, аз уақыт ішінде бастапқыда қойған мақсаттарымның кейбірі жүзеге аса бастады. Мысалы, оқушы дауысын тыңдау. Бұл туралы бұрын қағаз бетінде ғана айтылатын. Ал енді оны шынайы жүзеге асырып келеміз. Бұрынғы тәсілдерден бас тартып, баламен шынайы диалог жүргізудің нәтижесін көріп отырмын. Бұл – мен үшін жетістік. Мен өз мектебімдегі мәселені көрдім, зерделедім, оған жаңаша көзқараспен қарауға тырыстым. Егер нәтиже болмаса, баяғы әдіске қайта оралуға болар еді. Бірақ нәтиже бар, аз болса да, сезіліп тұр.  Қазір өзімді бұрынғыдан әлдеқайда сенімді сезінемін. Балалардың үнін естудің, оларға тең көзбен қараудың маңызын ұқтым. Сондықтан енді тоқтауға болмайтынын түсіндім. Өзім де жиі айтып жүремін: саған бірдеңе ұнамай ма? Өзің өзгер. Эксперимент жасап көр. Ештеңе жоғалтпайсың. Керісінше, ұтасың. Айналаңды өзгерту өзіңнен басталады. Осы принципті ұстап келемін. Бүгінгі балалар – Альфа ұрпағы. Олар қорықпайды, тартынбайды, бәріне қолы жеткен, бірақ терең ойлауға дағдыланбаған буын. Бүгінде «патриот бол», «тіліңді біл», «ұлттық құндылықтарыңды сақта» деп ұрандатып жүрміз. Бірақ мұны терең түсіндіре алмасақ, барымыздан да айырылып қалуымыз мүмкін. Сен қазір «телефон ұстама», «интернетке кірме» деп шектесең де, ол әдіс нәтиже бермейді. Енді баланы ойландырып, «маған білім не үшін керек?» деген сұрақты өзіне қойдыра алсақ қана, біз жеңеміз. Саналы түрде түсіну – міне, бізге керегі сол.

–Бүгінгі күні мемлекеттік рәміздерге формалды құрмет көрсетуден гөрі шынайы патриотизм қалыптастырудың жолы қандай деп ойлайсыз?

–Әр елдің өзінің қасиетті рәміздері болады. Ол – елдің болмысын, рухын бейнелейтін нышандар. Біз де бала болдық қой. Олимпиадада немесе халықаралық аренада көк туымыз көкке көтерілгенде, бойыңнан бір жылылық, мақтаныш пен қуаныш аралас ерекше сезім өтетін.  Сол сезімді мен қазір балалармен жиі талқылаймын: «Сендер шетелде көк байрағымызды көргенде қандай сезімде боласыңдар?» деп сұраймын. Кейбірі алғашында ойланып қалады, бірақ кейін біртіндеп ашыла бастайды. Ту мен елтаңба, Әнұран – жай сурет немесе әуен емес. Бұл – елге деген махаббаттың көрінісі. Сол үшін мен мектепте оқушылармен жиі осы тақырыпта сөйлесемін. Олар рәміздердің сыртқы бейнесінен бөлек, ішкі мағынасына да үңіле алса деймін. Авторларын білу, символикалық мәнін түсіну. Біздің мектепте осы бағытта аз жұмыс істеліп жатқан жоқ. Мысалы, парақшамда да бөлістім – Әлихан деген бір оқушымыз бар. Бірінші сыныпта оқитын бала. Бір күні Әлихан сырттай байқамай тұрғанда, оның әнұранды қолын жүрегіне қойып, жан-тәнімен айтып тұрған сәтін видеоға түсіріп алдым. Кейін ол бейнежазба біраз жерге таралып, баламыз «жұлдызға» айналды. Бұл да болса, мектепте патриоттық тәрбиенің жүйелі жүріп жатқанын көрсетеді деп ойлаймын. Өкінішке қарай, кейде рәміздерге деген құрметтің жетіспеушілігін де көріп жатамыз. Туды немесе елтаңбаны бейберекет жерлерден, қоқыстан көріп қалғанда, жанға батады. Сондықтан бұл мәселеге жеңіл қарауға болмайды.

–Бүгінде баланы тәрбиелеуде бұрынғы педагогикалық мұралар мен қазіргі заманауи талаптардың арасы қалай тоғысуы керек деп ойлайсыз?

–Ыбырай Алтынсарин айтып кеткен дүниелердің бәрі қазір де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бірақ оны дәл сол күйінде емес, жаңа заманның баласына икемдеп, бейімдеп ұсынуымыз қажет. Менің ойымша, адам баласының болмысы шынайылықты қалайды. Өтірікті қабылдай алмайды. Сол себепті де шынайы дүние ғана өміршең болмақ. Ол пайдалы болуы керек. Ол дамуға апаратын жол болуы қажет. Қазіргі балалар да шынайылықты қалайды. Қоғамнан да, мұғалімнен де. Өйткені қазіргі бала бұрынғыдай емес. Бұрын бізге бір нәрсе айтса, үндемей, «иә» деп істей беретін едік. Ал қазіргілер ондай емес. Олар «неге?» деп сұрайды. Бетің бар, жүзің бар демейді. Егер оған сен жалған айтып тұрсаң, ол соны сезіп, бірден шеттеп кетуі мүмкін. Ал бұл жағдайдың арты, құдай сақтасын, ауыр салдарға соқтыруы да ғажап емес. Сондықтан қазіргі баламен тіл табысу үшін ең алдымен шынайылық керек. Мен кейде өзіме де сұрақ қоямын. «Мен қоғамға үлкен бір өзгеріс әкеліп жатырмын ба?» деп. Іштей күлесің де қоясың. Себебі мен бұл жолға бір миссия арқалап, үлкен жоспармен келген жоқпын. Бірақ өмірде айтылған жақсы бір сөз бар ғой: үлкен өзгеріске жетелейтін – кішкентай қадамдар. Мүмкін менің қазіргі жасап жүрген ісім сондай бір қадам шығар. Кейде соны өзім де байқамай қаламын. Бірақ ішкі жауапкершілік өте үлкен. Себебі жастар қарап отыр. «Бұл кісі не істейді? Қайда барады? Қандай нәтиже береді?» деген үмітпен қарап отырған соң, маған артылған сенімнің салмағын қатты сезінемін. Менің қазіргі мақсатым – ұлттық идеологияны, қазақы құндылықты сақтай отырып, балаға білім мен тәрбие беру. Болды. Ең бастысы – саналылық. Саналы адам өзі-ақ білім іздейді. Білім қазір көп жерде бар: YouTube-та да, интернетте де. Бірақ егер сенде сана болмаса, сен ол білімнің саған не үшін керек екенін де түсінбейсің. Сондықтан ең әуелі сана беру керек. Сол үшін жасалатын жұмыстар – тек сабақ беру емес, тәрбиелік бағыттағы нақты істер болуы керек. Қоғамдағы кейбір проблемалар да осы санасыздықтан туындап жатыр.  Сол себепті мен айтамын: білімнен бұрын сана беру керек. Ал сана беру үшін балаға ең алдымен сеніммен қарау керек. Оны тыңдау, түсіну, шынайы сөйлесу қажет. Сол кезде ғана сен оның жүрегіне жол тауып, одан жауапкершілігі бар, патриот, саналы азамат қалыптастыра аласың. Ал бұл – нағыз мұғалімнің миссиясы.

-Сұхбатқа уақыт бөліп, ойыңызбен, ұстанымыңызбен бөліскеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Жастардың жүрегінен орын тапқан ұстаздың әр сөзі талай жанға ой салып, бағыт боларына сенеміз.

Малика Рүстем
тілші