Әскерден - грантқа

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі
Мемлекеттік білім гранты - білімге құштар жастар үшін үлкен мүмкіндік. Ал бұл жолы жоғары оқу орнына түсу мүмкіндігі Қарулы күштер қатарында қызмет еткен, жауынгерлік дайындықта жоғары нәтиже көрсеткен сарбаздарға бұйырды. Қорғаныс министрлігінің бастамасымен жүзеге асып жатқан бұл игі шара ел қорғанысын қамтамасыз етіп қана қоймай, жастардың болашағына жол ашып отыр.
2024 жылдың көктемінде Шымкент қаласынан мерзімді әскери қызметке шақырылған 86 сарбаз Қазақстанның жоғары оқу орындарына мемлекеттік білім беру гранттары негізінде оқуға мүмкіндік алды.
Сол жастардың бірі - қатардағы жауынгер Жанболат Еспен. Әскерге дейін жергілікті әскери басқару органдарында инспектор болып қызмет еткен ол, грант алу мүмкіндігі туралы естіген бойда алдына нақты мақсат қояды: жақсы қызмет етіп, жоғары білім алу. ҰБТ нәтижесіне қарамай, үлгілі мінездеме арқылы ЖОО-ға түсу - Жанболат сияқты мақсатшыл сарбаздар үшін үлкен мотивацияға айналды.
Қарағанды гарнизонында әскери борышын өткерген Жанболат жауынгерлік, мемлекеттік-құқықтық дайындықта үздіктер қатарынан көрініп, командирлерінің сеніміне ие болды. Жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарғаны үшін оны арнайы ұсыну арқылы грантқа оқуға жолдама берілді.
Бүгінде Жанболат туған қаласы Шымкентке оралып, Мирас университетінде оқуға дайындалып жатыр. Ол Қарулы күштер қатарындағы бір жылдық қызметін өмір мектебі ретінде қабылдағанын, осы тәжірибе оның болашағына жол ашқанын мақтанышпен айтады. Арнайы барып, бұрын өзі жұмыс істеген Абай, Әл-Фараби және Тұран аудандарының Қорғаныс істері жөніндегі басқармаларында әсерімен бөлісіп, жастарға мотивация боларлық үлгі көрсетті.
Жанболаттың анасы Гүлжаухар Сәрсембаева ұлының жетістігіне шексіз риза екенін айтса, Қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығының орынбасары, майор Ердәулет Темірбаев те жерлесінің табандылығы мен адалдығын ерекше атап өтті:
- Ол армияның тек тәртіп пен жауапкершілікті ғана емес, сонымен қатар табысты кәсіби өмірге жол сілтейтін мекен бола алатынын дәлелдеді.
Әскери борышын абыроймен өтеп, білім жолында да үздік болуға ұмтылған Жанболат сынды жастар - еліміздің жарқын болашағы. Бұл бастама өзге сарбаздарға да үлгі болып, білім мен тәртіпті қатар ұстануға серпін беретіні сөзсіз.