Петропавлда "Заң және тәртіп керуені" басталды

Патриот жаршысы
102

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі

Петропавл қаласында республикалық ауқымды "Заң және тәртіп керуені" атты акция өз жұмысын бастады. Бір аптаға жалғасатын бұл іс-шара аясында прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен полиция қызметкерлері тұрғындарды қабылдап, сұрақтарына жауап беруде.

Құқық қорғау органдарының мобильді қабылдау топтары қаладағы халық жиі баратын нысандарда – "City Mall", "Аврора" сауда орталықтарында, "Береке" шағын ауданындағы "Северный" дүкені алдында, Оқушылар сарайы мен Теміржол вокзалының алаңында орналасқан.

Күндізгі жұмыс уақыты ішінде олар қала тұрғындары мен қонақтарына кең ауқымды құқықтық кеңес ұсынып жатыр. Тұрғындар көбіне көші-қон заңнамасы, көлікті тіркеу, ішкі істер органдарына жұмысқа орналасу және өзге де мәселелерді көтеруде.

Акция "Заң және тәртіп" тұжырымдамасы аясында өтуде. Оның негізгі мақсаты – қоғамда құқықтық мәдениетті арттыру, құқық қорғау органдарының беделін көтеру және азаматтарға сапалы заң көмегін көрсету.

Малика Рүстем
тілші