Қазақстандықтар – Гиннестe!

Фото: tengrinews.kz
Қазақстандық Aspan Galaxy компаниясы Қытайдың технологиялық алыбы DAMODA-мен бірлесіп, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Олар аспанға бір мезетте 10 197 дрон ұшырып, әлемдегі ең ауқымды жарық шоуын өткізді. Бұл тарихи оқиға Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтті.
Guinness World Records ұйымының өкілдері рекордты ресми түрде тіркеп, жобаға қатысқан инженерлерге, аниматорлар мен 3D-графика шеберлеріне арнайы сертификаттар табыстады. Бұл — тек құжат емес, нағыз еңбек пен шеберліктің, шығармашылық пен технологияның тоғысын мойындау.
Aspan Galaxy — Орталық Азиядағы дрон-шоуды дамытқан алғашқы әрі жетекші компания. Олар ұлттық мерекелер мен халықаралық деңгейдегі шараларға арналған ондаған әсерлі жобаларды жүзеге асырған.
Бұл рекорд — Қазақстанның технологиялық және шығармашылық әлеуетінің нақты дәлелі. Аспанда ұлттық оюлар, жазулар, бейнелер мен нышандар қалқып жүрген сәт — бұл жай шоу емес, бұл – идеяның, дәлдіктің және шеберліктің үйлесімі. Бұл — әлеуметтік желілерде тез таралатын, жүрекке әсер ететін жарқын көрініс.