«Өмірлік миссиям – халыққа қызмет ету»

Патриот жаршысы
102

Сурет: Жеке мұрағаттан

Елімізде халыққа аянбай қызмет етіп, денсаулық саласында өлшеусіз үлес қосып жүрген дәрігерлер өте көп. Олардың әрқайсысы «Еңбек адамы» атануға әбден лайық. Сол себептен де алғашқы кейіпкер ретінде ел денсаулығы мен адам жанының бағбаны саналатын дәрігерден бастауды жөн көрдік. Сондай жандардың бірі – эндокринология саласында 19 жылдан бері үздіксіз қызмет етіп келе жатқан білікті маман Гүлжан Мұратқанқызы.  

Кейіпкеріміз дәрігер болуды бала кезінен армандаған. Өзі де бала күнінде түрлі ауруларды бастан өткеріп, ақ халатты абзал жандардың көмегін көргендіктен, медицинаға деген қызығушылығы ерте қалыптасқан.

Кішкентай кезімнен аурушаң бала болдым, балаларда кездесетін көптеген аурулар өз басымнан өтті. 10-11 сыныпқа келгенімде дәрігер боламын деп шештім. Егер дәрігер болсам, өз-өзімді емдей аламын және өзім сияқты аурушаң балаларға көмектесемін деп ойладым. 1998 жылы Семей қаласындағы медицина академиясының педиатрия факультетіне оқуға түстім. 2004 жылы дипломымды алып, 2005 жылы интернатураны аяқтадым. Ал  2006 жылы Астана қаласына арман қуып келдім, – дейді ол.

Алайда, медицина жолындағы сапары қиындықсыз болмаған. 2004 жылы 6-курс оқып жүргенде, көзінің көру қабілеті күрт нашарлап, ауыр диагноз қойылыпты. Жүргізілген бірнеше оталардан кейін дәрігерлер оның медицина саласында жұмыс істей алмайтынын  да айтқан. Бірақ  Гүлжан Мұратханқызы бұл қиындыққа мойымады. Өзінің айтуынша, анасының жігерлі сөздері өмірге жаңа көзқараспен қарауға көмектескен.

2006 жылы Астанаға келіп, өз жолымды табуға бел будым. Бастапқыда педиатр боламын деп жоспарладым, бірақ маған эндокринолог немесе невролог болуды ұсынды. Неврология маған жақын болмаған соң, эндокринологияны таңдадым. Алматыда екі айлық қайта даярлау курсынан өтіп, 2007 жылы Астанаға оралып, өз еңбек жолымды бастадым. Содан бері 19 жыл бойы эндокринология саласында жұмыс істеп келемін, – дейді Гүлжан Аманбай.

Эндокринология – тек медициналық емес, әлеуметтік мәселе.

Бүгінде эндокриндік аурулар тек медицина саласындағы емес, үлкен әлеуметтік проблемаға айналған. Гүлжан Мұратқанқызы бұл аурулардың алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстану маңызды екенін айтады.

Қазіргі таңда қант диабеті, артық салмақ және гормоналды бұзылыстар кең таралған. Қант диабеті – аса қауіпті аурулардың бірі. Ол адамның көру қабілетінен айыруы, бауыр қызметін бұзуы, тіпті аяқтың ампутациясына дейін әкелуі мүмкін. Қазақстанда күніне 4-5 адамның аяғы қант диабетінің салдарынан кесіліп жатады. Бұл – мемлекетке де, қоғамға да үлкен ауыртпашылдық салады, – дейді кейіпкеріміз.

Дәрігердің айтуынша, соңғы 15 жылда Қазақстанда қант диабетіне шалдыққандар саны 4 есе артқан. Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, 2030 жылға қарай елімізде 1 миллионға жуық адам осы ауруға шалдығады деген болжам бар.

2050 жылы әрбір екінші адам қант диабетіне шалдығуы мүмкін деген болжамды біз 2006 жылы оқып жүргенде профессорлар айтқан еді. Ол кезде бұл бізге сенгісіз көрінетін. Ал бүгінде бұл қауіп шынайылыққа айналып отыр. Егер қазір алдын алу шараларын күшейтпесек, 2060-2070 жылдары Қазақстан халқының 70-80%-ы осы ауруға шалдығуы мүмкін. Алдын алу – денсаулық кепілі, – дейді Гүлжан Мұратқанқызы.

Эндокринолог дәрігер ретінде Гүлжан Мұратқанқызы халыққа аурудың алдын алуға көбірек көңіл бөлу керектігін түсіндіреді. Ол өзінің Instagram парақшасы арқылы миллиондаған адамға пайдалы кеңестер ұсынып, «Денсаулық формуласы» атты авторлық семинарларын өткізеді.

 Аурумен күрескенше, оның алдын алу керек. Мен өзімнің оқырмандарыма денсаулықты сақтаудың 4 негізгі қағидасын түсіндіремін:

1. Сапалы ұйқы – ең маңызды фактор. Ұйқының саны емес, сапасы маңызды. Адам түнгі 11-ден кейін ұйықтамаса, ағзадағы гормоналды баланс бұзылып, иммунитет әлсірейді.

2. Дұрыс тамақтану – тәтті сусындар мен зиянды тағамдардан бас тарту керек. Қазіргі таңда Қазақстанда жылына 3 миллиард литр тәтті сусын тұтынылады, бұл – өте қауіпті статистика.

3.Қозғалыс– күніне кем дегенде 10 000 қадам жүру, аш қарынға серуендеу және белсенді өмір салтын ұстану ағзаны күшейтеді.

4. Стресті бақылау – эмоциялық жағдайды реттеу, йога, массаж, табиғатта серуендеу, дұрыс дем алу практикасы – ағзадағы гормондардың дұрыс бөлінуіне көмектеседі. Егер осы қағидаларды ұстансақ, көптеген аурулардың алдын алуға болады. Бүгінде мен өз тәжірибемде тек емдеумен шектелмей, адамдарды дұрыс өмір салтына баулуға тырысамын, – дейді білікті маман. 

                                     Медицинадағы жаңа технологиялар және қант диабетімен күрес

Бүгінде эндокринология саласында жаңа технологиялар дамып келеді. Қазақстанда инсулиндік помпа жүйесі енгізіліп, қант диабетімен ауыратын балаларға инсулин тегін беріледі. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан бұл қадамдар өте маңызды.

Бірақ мен 19 жылдық тәжірибемнен түйгенім – ешқандай дәрі толықтай ауруды емдей алмайды. Сондықтан біз ең алдымен ауруға жеткізбеудің жолдарын қарастыруымыз керек , – дейді ол.

Болашақ жоспарлар мен армандар

Ақ халатты абзал жан алдағы уақытта жас дәрігерлерге арналған медицина курстарын әзірлеуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, жүктілікке дайындық, қалқанша безі және дұрыс тамақтану бойынша арнайы бағдарламалар дайындамақ.

 Менің ең үлкен арманым – Қазақстанда ұлттық деңгейдегі қант диабетімен күрес бағдарламасын енгізу. Егер біз мектептер мен университеттерде денсаулық туралы ерте бастан түсіндірсек, онда болашақ ұрпақ дені сау болады. Сондай-ақ, жастарды отбасы құруға және денсаулығын алдын ала сақтауға дайындау жүйесін енгізу өте маңызды , – дейді дәрігер.

Білікті дәрігер бүгінде Instagram арқылы халыққа тегін медициналық білім беруді өзінің үлкен жетістігі санайды.

 Әлеуметтік желідегі дәрігерлер халыққа өте пайдалы. Егер әрбір дәрігер өзінің білімін дұрыс жеткізе білсе, онда қоғамның денсаулығын жақсартуға үлес қоса алады. Аурудың алдын алу туралы күнделікті айтатын болсақ, халықтың санасы өзгереді, және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарай бастайды деп сенемін. Менің өмірлік қағидам – адамдарға қызмет ету. Өзімнің алған білімімді халықтың денсаулығына пайдалансам, бұл мен үшін ең үлкен жетістік, – дейді.

Гүлжан Мұратқанқызы – тек дәрігер ғана емес, денсаулыққа қатысты маңызды ақпаратты халыққа жеткізетін  қоғамдық тұлға. Оның басты мақсаты – адамдарды аурудан сақтап, дұрыс өмір салтын қалыптастыруға үйрету. Осындай дәрігерлеріміздің еңбегі мен өмірлік қағидасы әрдайым көпке үлгі.

Аружан Тоқсан
Тілші