Еңбек жолы — веложолда

Астана қаласының әкімдігі
Астанада «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында ұйымдастырылған «Алтайдан Оралға дейін» республикалық велошеруінің қатысушыларын елордалықтар ерекше ықыласпен қарсы алды. Көктал саябағында өткен салтанатты шарада велошабандоздарды Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов, Білім басқармасы басшысының орынбасары Маржан Қайырбаева, сондай-ақ Туризм және спорт министрлігіне қарасты Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің бұқаралық спортты дамыту бөлімінің басшысы Жандос Махмұтұлы қарсы алып, құттықтау сөз сөйледі. Сонымен қатар еңбек ұжымдары, колледж студенттері мен қала тұрғындары да қатысушыларға қошемет көрсетті.
Ауқымды велошеру жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы беделін көтеруге бағытталған. Бұл шара жастардың техникалық және өндірістік салаларға қызығушылығын арттырып, еңбектің маңызын дәріптеуді көздейді.
Велошабандоздар 1000 шақырымнан астам жол жүріп, Астанаға аман-есен жетті. Келесі аялдама — Ақмола облысындағы Атбасар қаласы.
Айта кетейік, велошерудің ресми ашылу рәсімі Өскемен қаласындағы Тәуелсіздік монументі жанында өтті. Қатысушылар сапар барысында Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстары арқылы жүріп өтіп, елордаға табан тіреді. Бұдан кейін олар Ақмола, Қостанай, Ақтөбе және Батыс Қазақстан өңірлерін аралап өтеді.
Велошеруге барлығы 236 велошабандоз қатысуда. Олардың қатарында Өскемендегі техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 200-ден астам студенті бар. Шара 8 маусымда мәресіне жетеді деп күтілуде.