Дрон жарысы: десантшылар топ жарды

Патриот жаршысы
179

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі

Қазақстанда алғаш рет дрон рейсинг бойынша ашық чемпионат өтті. Қорғаныс министрлігінің Армия орталық спорт клубының базасында ұйымдастырылған сайысты Satbayev University бастамашы болды. Бұл – еліміздегі жоғары технологиялық спорт түрінің дамуына серпін беретін маңызды оқиға болды.

Жарысқа еліміздің бес аймағынан 14 дрон ұшқышы қатысты. Олардың қатарында күш құрылымдарының өкілдері мен әуесқойлар да болды. Арнайы дайындалған кедергілер мен шектеулі кеңістікте дрон тізгіндеген ұшқыштар шапшаңдық, дәлдік және техникалық ептіліктерін көрсетті.

Күштік құрылымдар арасында өткен командалық есепте Десанттық-шабуылдау әскерлері көш бастады. Екінші орын Құрлық әскерлеріне бұйырса, үшінші орынды Астанадан келген 68665 әскери бөлімінің командасы еншіледі.

Жеке нәтиже бойынша да десантшылар алда болды: Ерсайын Майданқан үздік нәтиже көрсетіп, чемпион атанды. Одан кейінгі орындарды Рүстем Сейітжанов пен Ілияс Әбілқасов (Құрлық әскерлері) иеленді.

Абсолюттік есепте жеңіске жеткен – Василий Райков. Күміс жүлде - Илья Трофимовке, қола – Ерсайын Майданқанға бұйырды.

-Мұндай чемпионаттар дрон спортын тек хобби ретінде емес, кәсіби даярлық пен тәжірибені ұштастыратын құрал ретінде көруге мүмкіндік береді. Бұл – әскери және азаматтық салада жоғары технологияларды дамытудағы жаңа қадам, - деді подполковник Серік Қалтарбаев.

Малика Рүстем
тілші