Астаналық жас шабандоз Азия кубогында алтын алды

Астана қаласының әкімдігі
Сеул қаласында өткен Азия Федерациясының халықаралық ат спорты кубогында 15 елдің өкілдері бақ сынады. Дүбірлі додада Астанадан барған жас спортшы Малика Серік топ жарып, ел мерейін үстем етті.
Жарысқа Австралия, Оңтүстік Корея, Гонконг, Малайзия, Таиланд, Үндістан, Жапония, Филиппин, Оман, Хорватия және тағы басқа елдердің спортшылары қатысты.
Юниорлар арасындағы 100 см биіктіктегі кедергілермен өтетін сайыста Малика шеберлігімен ерекшеленіп, алтын медаль иеленді. Бұл — оның халықаралық деңгейдегі алғашқы жеңісі.
«Малика үшін бұл алғашқы халықаралық жарыс болды. Ол өз мүмкіндігін толық көрсетті. Біз оның бұл жетістігіне қуаныштымыз әрі мақтанамыз», — дейді жаттықтырушысы Ержан Мағжаев.
Жас болса да, жасындай жарқылдаған Малика Серік — қазақстандық ат спортының жаңа үмітіне айналып отыр.