Жасы кіші демеңіз...

ЖАС ПАТРИОТ
235

20 жастағы ақтөбелік жас жаттықтырушы, ҚР Спорт шебері Диас Айымқұлов  алпысқа жуық оқушыны таэквондо спортына тегін жаттықтырып жүр. Мақсаты айқын, арманы асқақ жас спортшымен Patriot Portaly сұқбаттасқан еді.

Әуелі өзім туралы айтар болсам, Ақтөбе қаласының тумасымын. Қазір Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде дене шынықтыру және спорт мамандығының 2-курсын аяқтадым. Спортқа деген сүйіспеншілігім он екі жасымда басталды. Сол кезден бастап спортпен тұрақты түрде айналысамын. Сазды ауылына  Жарас Нұрмағамбетов деген жаттықтырушым алғаш спорт мектебін ашқан болатын. Спортқа деген махаббатым ашылып, бүгінгі күнге дейін айналысып келе жатырмын. Қабілеті мен қызығушылығымды алғаш жаттықтырушым байқап, түрлі жарыстарға апара бастады. Шетелге де шығарып, біліктілігімді шыңдауға көмектесті. Менен бөлек қаншама ауыл баласы спортпен айналысып, өз жолдарын тапты. Соның арқасында мен де  спорттың менің өмірімдегі маңызын  толық түсіндім. Қазір ересектер арасында Қазақстан чемпионатының қола, БАӘ-де өткен  халықаралық  турнирдің күміс жүлдегерімін.

                         

Жас жаттықтырушы балалармен қарым-қатынас құрудың маңызды екенін айтады.

 Шәкірт тәрбилеу оңай жұмыс емес. Әр баламен жұмыс істеудің өзіндік әдіс-тәсілдері бар. Спорт мектебіне келіп жүрген алпыс балаға алпыс түрлі қарым-қатынас, көңіл бөлу қажет болады. Балалар жаттықтырушының қолдауын сезінсе, жақсы жетістіктерге ұмтылуға тырысады. Жаттығуға, спортқа деген қызығушылығы ашыла түседі. Сондықтан бала тәрбиесінде  шыдамды болу керек екенін ұқтым. Өз жаттықтырушымның ерен еңбегін, төзім-жігерін түсіндім десем де болады. Мұндағы әр бала өз үйлерінің бір-бір еркесі болғандықтан, жаттықтырушы ретінде барынша қолдауды күтеді.  Сол үшін де балаларды психологиялық тұрғыда  зерттеуге, тануға тырысамын.

 Спортшыны жетістікке жетелейтін тәртіп.

 Ең бірінші ұстанатын қағидам тәртіп. Жаттықтырушым да мені тәртіпке баулып өсіргендіктен, өзім де жас шәкірттерімнен тәртіпті сақтауды талап етемін. Бауыржан Момышұлы «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп өте дұрыс айтқан. Себебі тәртіп бар жерде өсу де, жетістік те, сыйластық та болады. Қазір балалар сол заңдылыққа үйренісіп келе жатыр. Нәтижесінде себепсіз жаттығудан қалуды азайтып, жаттығу залына ұқыптылықпен қарайды. Қазіргі мақсатым жеке зал ашып, болашақ әлем чемпиондарын, олимпиада чемпиондарын дайындап шығару. Шетелдегі жарыстарға да қатыстырып тәжірбиелерін молайтсам деймін. Бастысы еліне адал, адамгершілігі жоғары жақсы адам етіп тәрбиелеу. Спорттың арқасында жақсы жетістіктерге жетсе деп тілеймін. Болашақта Қазақстанның атын әлемге паш ететін спортшыларды дайындап шығарсам арманым жоқ.

  Жас спортшы әр жетістігімді Отаныма арнаймын дейді.

 Әр қазақтың жүрегінде патриоттық сезім бар. Патриот болу кез келген адам үшін абыройлы міндет. Ол борышты әр адам әрқалай түсінеді. Өз саласы бойынша патриоттығын дәлелдеуге тырысады. Мен де спорт саласында аз да болса өз үлесімді қосқым келеді. Әр жеңісім мен жетістіктерімді еліме арнаймын. Сол жолда даму үстінде жүрмін. Сондықтан өзімді жас болсам да елімнің патриотымын деп есептеймін. Жас шәкірттерімнің бойынан да намысты рух, отансүйгіштік сезімнің болуына күш саламын. Ол үшін шәкірт тәрбиелей жүріп, өзімнің шыңдалуым өте маңызды.

«Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан болсын?!»

 Балаларды тегін жаттықтырғаныма таңғалып жатқан жандар өте көп. Мәселе ақшада емес. Маған спорт саласында жүріп, елімнің бір кәдесіне жарау маңызды. Алғашында жеке өз спортымды жалғастыра берейін деген секілді ойлар болды. Бірақ балалармен бірге болу, дайындалу маған бақыт сыйлайтынына көзім жетті. Оларды аз уақыт ішінде спортқа баулып, бір жарым жыл күш салғаннан кейін  тастап кетуге қимадым. Жаттықтырушыларым әлі күнге дейін өзің де жаттығудан қалма, жарыстарға шық деп ақылдарын айтып жатады. Балаларға көп уақытымды бөліп, кейде өзіме уақыт болмай қалып та жатады.  Соған қарамастан мен бұл жұмысымды тоқтатпаймын. Өз болашағымды тек осы салада көремін. Сол үшін тынбай еңбек етуім қажет. Оқушылар маған одан сайын жігер береді. Қазір «Баламды жаттығуға сізге берейін деп едім» деп жазып жатқан ата-аналар да бар. Жеке залымды ашып, кеңейген кезде барлық балаларды шақырамын деген үмітім бар.

«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» демекші, Диас секілді жалынды жастарға жігер сыйлап, қолдау көрсеткеніміз дұрыс. Ақ арманына адал жігітке ақ жол тілей отырып, жеңісті күндері көп болсын дейміз!

Дариға Нысанқұл