Уақыт порталы: VR арқылы тарихқа саяхат

ЖАС ПАТРИОТ
151

Суреттер Абай облысының Білім басқармасы

Абай облысындағы мектеп оқушылары 3D көзілдірік арқылы тарихқа сапар шекті. Жасанды интеллект көмегімен «Құнанбай ауылының» виртуалды жобасы таныстырылды.

Абай атындағы гимназия мектеп-интернатының тоғызыншы сынып түлектері Арсен Қабдешев пен Айлат Дулатұлы «Құнанбай ауылына»VR құрылғысымен іс жүзінде баруға мүмкіндік беретін бірегей жоба әзірледі.

Жоба маусым айында атап өтілетін Құнанбай Өскенбайұлының туғанына 220 жыл толуына орай ұйымдастырылды. "Құнанбай ауылы" деп аталатын бұл виртуалды әлем қазақ халқының тарихы мен мәдениетін жастар арасында дәріптеу мақсатында құрылған. Виртуалды әлемде Қарауыл төбесі бейнеленген. Ауыл ішінде 19 киіз үй тігіліп, жанында алтыбақан орналасқан. Пайдаланушылар3D көзілдірігін киіп, дәстүрлі қазақ ауылының атмосферасына енуге мүмкіндік ала алады.

Жоба жетекшісі, информатика пәнінің мұғалімі Бекзат Арашев: «Көзілдірік арқылы киіз үй ішінен қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен хабар беретін заттарды көруге болады. Төрге ілінген қара домбыра, қыздың жиған жүгіндей болған құрақ көрпелер, ұлттық оюмен өрнектелген сандықтарды көзілдірік арқылы жақыннан көріп, көзайым бола алады. Домбыра, қылыш, ыдыстарды қолмен ұстап көру мүмкіндігі бар. Жоба арқылы оқушылар визуалды әлемдегі обьектілерді қолмен ұстап, орнынан қозғай алады»,– деп жұмыс процесімен таныстырды.

Жобаны іске асырушы түлектер өзінен кейінгі оқушыларға өз елінің мәдениеті мен өмір салтын жақсы түсінуге әрі сезінуге көмектесетінін айтты.Сонымен қатартарих және әдебиет сабақтарында көрнекілік құралы ретінде таптырмас үлгі екенінде сөз етті.

Абай облысы білім басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, жобаның 3D моделі Blender бағдарламасында құрылған, ал ауыл мен киіз үй ішіндегітелепортация Unity бағдарламасы арқылы жүзеге асырылған. Осы жүйелердің арқасында жасанды әлемнің ішіндегі бар нәрсені қолмен ұстап көру мүмкіндігі жасалған.

Осы уақытқа дейін Арсен Қабдешев пен Айлат Дулатұлы Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі қару-жарақ пен әскери техниканың макеттері ұсынылған виртуалды мұражай құрған болатын. Сондай-ақ, «Жидебайға виртуалды саяхат» және «Виртуалды қазақ үйі» жобаларын да әзірлеген.

Бұл инновациялық жоба мәдени мұраны сақтау және насихаттау үшін заманауи технологияларды қалай пайдалануға болатындығын көрсетеді.

Біржан Қабдрашев
Тілші