Патриотизм: Жастар үні

Алмагүл Тастанова: «Atameken business» арнасының тілшісі
«...Шынайы партиоттарды ел басына күн туған шақта бір-ақ көрдім»
Патриоттық сезімнің жүректе үдей түсетін шағы қолыңды кеуде тұсыңа қойып, мемлекеттік әнұранды қосыла бірге шырқағанда туындайтын шығар. Бала кезімізден бері ұлттық рәміздерге құрметпен қарау қанымызға сіңе бастады. Бұл әуелі үйдегі және мектептегі тәрбиенің нәтижесі. Мен ешқашан көк туымыздың жерде тапталып қор болғанын көрген емеспін. Олар әрдайым биікте болатын. Патриоттық сезім адамның жүрегінде қалай ұялайды десем, әуелі осы әнұран, ту, елтаңбаға шексіз құрметпен қараудан басталады екен. Яғни, патриотизм олардың тарихымен танысу арқылы өрбиді. Есейе келе біз үшін патриот болу ұғымы күрделене түсті. Көгілдір экраннан спортшыларымыздың байрақты бәсекелердегі жеңістеріне ортақтасып, сайыс соңында өзге мемлекеттерден көк туыңды асқақтанқанда, міне бұл нағыз патриот екен деп қабылдайтынбыз. Әрі оларға қарап, «болашақта мен де елімнің намысын қорғаймын, мен де еліме жеңіс әкелемін, осылайша жерімнің патриоты боламын» деп ойлайтынмын. Бірақ, түптеп келгенде нағыз патриот болу әр адамның қолынан келмейтініне көзім жетті.
Иә, еліңнің атын шетелге танытқаның да жақсы. Алайда шынайы партиоттар деген кімдер? Жақында әріптесім Дариға Нұсанқұлдың жарыққа шыққан мақаласымен таныстым. Мақалада ақын Айзада Рахымжанованың қызы Әдемі жайында қызықты мақала жазылған екен. Әдемі әртүрлі заттардан ту, елтаңба элементтерін көре қалса қиып алып, не қолына көк және сары түстер түсе қалса, көк тудың бейнесін сала кетеді екен. Кішкентай қыздың бұл іс-әрекеті желіде қолдау тауып, баршамызды сүйсінткені рас. Айтпағым патриоттық сезімнің қалыптасуы ана сүтімен даритын асыл қасиет. Бесіктегі тәрбиеден бастап әйелдер қауымы баласына осы ұғымдардың қастерлі екенін айтпаса, ертең арамызда сатқындар пайда болмасына кім кепіл бере алады? Әрі байқасаңыздар Әдемі өз елін жақсы көргені үшін есесіне ештеңе алмайтынын жақсы біледі. Ол елін себепсіз сүйіп, ұлттық рәміздеріне шексіз құрметпен қарайды. Біздің қоғамда да өз елін себепсіз сүйетіндердің, өз жерін жақсы көргені үшін артынан ештеңе күтпейтіндердің қатары көбейсе екен.
Бізде жалған патриотизм күшейіп барады. Әнұранды шырқағанда бірге ұрандатып айтатындардың да саны сирек. Кейде сыпайылық үшін ғана қолын оң жақ кеудесіне қояды да, жүрекпен ештеңе сезінбейді. Мен шынайы партиоттарды ел басына күн туған шақта бір-ақ көрдім. Алапат тасқын баршамызды есеңгіретіп тастады, көптің шаңырағын шайқалтты. Қиын кезеңде елдің жанашырлары мұқтаждарға өз қолын созып аянбады. Патриот десең осылар патриот атауына лайық. Өйткені нағыз патриоттар елдің қамын ойлайтындар екен. Редакцияларыңыз мемлекетіміздің шынайы партиоттарын таныта берсе екен деймін. Бұл не үшін керек? Оқырман қауым мазмұнды дүниелермен таныса отыра, өз-өзіне баға береді. Түптеп келгенде жүректегі патриотизмнің қандай екенін анықтайды, бағамдайды. Осылайша жалған патриоттардың қатары сейіледі деп есептеймін.
Мирас Хизатолла: Журналист, редактор
«Өз ұлтын мақтаныш етпеу– сатқындық»
«Патриотизм – Отанға деген риясыз сүйіспеншілік. Ол «туған жерімнің топырағы ыстық, тәуелсіз елім» секілді сөздермен ғана айтылып қоймау қажет. Әрине, ол сөздердің жүректен шыққаны өте керемет. Себебі жүрегінен, тілінен де шығара алмайтын жандар да көп. Айтқаннан кейін де тек сөзбен айту да сын болады. Қазақтың даласында дүниеге келіп, құмына аунап өскеннен кейін бала кезімізден ерекше құрмет бәрібір болары сөсіз. Оның барлығы өсе келе нағыз патриоттық рухқа айналып, жақсылыққа жетелейді. Мысалы патриот болуды ұлтшыл болу те деп айтар едім. Ұлтшыл болуды біреулер жақсы, біреулер жаман деп ойлауы мүмкін. Алаш зиялылыларының заманында дәл осы патриоттықтың өлшемі, дәрежесін біз дәл солай немесе одан биік қып арқалап жүрміз деп айта алмаймын. Өйткені бізде орыстану белең алды. Патриоттық сезім ана тілге деген құрметтен көрініс табады. Өзінің тілін, ділін құрметтемеген адамды нағыз патриот деп айт алмас едім. Кейде сөз арасында орысша сөздер қосып қалып жатамыз. Оған бола да біз мүлдем патриот емеспіз деп айта алмаймын. Енді жеке өзіме келер болсам, өзімді патриотпын деп есептеймін. Барлық жерде қазақша сөйлеуді талап етемін, өзім де қазақша сөйлеп үлгі болуға тырысамын. Патриот болудағы үлгі әуелі өзіңнен басталуы керек. Туған жеріңе, отаныңа деген құрметті әуелі тіл арқылы көрсете аласың. Ол солай болуы да керек. Демалыс орындарында демалып болғаннан кейінгі қоқыстарды жинап кету де қарапайым мысал болғанымен патриоттыққа жатады. Яғни, еліңе, жеріңе деген жанашырлық қарапайым қадамдардан басталып, әр адам патриот ретінде еліне үлес қоса алады.
Патриоттық - бұл туған жер туралы бір ән жаттап алып, соны үнемі шырқап жүре беру емес. Әлеуметтік желіде бұған мысалдар өте көп. Мысалы кішкентай бүлдіршіндердің әнұран қосылған кезде көздері мөлдіреп, жүректері елжіреп тұрып, қолдарын жүрек тұсына ұстап бірге ән шырқағандарын көп көреміз. Бұның барлығы ананың құрсағында жатқан кезден басталады. Егер ұрпағыңның патриот болып өскенін қаласаң, бесікте жатқан кезінен қазақша әндерді айтып, тыңдатып өсірген жөн. Білім ордасын таңдаған кезде де қазақ мектебіне беріп, үйде де қазақша сөйлеу қажет. Кейбір ана тілімізді білмейтін «біз Қазақстанды, қазақ тілін дамытуымыз керек»,– деп орысша сайрап тұратын адамдарды түсінбеймін. Одан кейін мен оларды шын патриот деп есептемес едім. Себебі патриот адам ең бірінші өз ана тілінде сөйлейді, туған жерін құрметтейді, елінің дамуына шын үлес қосуға талпынады. Сол үшін қазіргі патриотизм керемет деңгейде деп айта алмаймын. Көңілім толмайды. Ана тілінде бір ауыз сөз білмейтіндер, табиғатқа жанашырлық танытпайтындар көп.
Бұл сайттың ашылуы жақсы жаңалық болғалы тұр. Патриоттық туралы көп айтылады дегенмен әр айтылған ой, жазылған мақала әр жерде. Олардың басын бір жерге құрап оқи алмайсың, көре алмайсың. Оған да біраз уақыт кетеді. Ал бұл бір нағыз медиа алаң болғалы тұр. Порталды жақсы қолданып, шеберлікпен құнды мақалалар жазылса міндетті түрде нәтижесін берері сөзсіз. Бұл да елге қызмет етудің жаңа қадамы. Патриот порталының ұлттық патриотизмді насихаттауда оң үлесі болатынына сенемін. Осыдан он-он бес жыл бұрын тик ток инстаграм енді шығып жатқан кезде «енді адамдар телевизор көрмейді, газет-журналдар оқылмайды» деген әңгімелер болды. Қазіргі жастартиктоктың қызығы, инстаграмның кереметі кете бастағанда осындай сайттарды, жаңалықтарды оқуға көшті. Сол секілді бұл сайттан оқығандарын әлеуметтік желі арқылы таратып, айтып жүрсе жақсы әсер болады деп ойлаймын. Солай тамшыдай болсын үлес қоса аламыз. Бастысы сайт жұмысы тоқтап қалмасын! Жақсы мақалалар мен мәліметтер, ойлар күтеміз.