Әке жолын қуған ұл

Бір жасынан атқа мініп, әлеуметтік желіде «Шабандоз бала» атанған Ернұрдың әкесі Алмас Мұратбеков «PATRIOT PORTALY»-на сұхбат беріп, жастайынан ат құлағында ойнайтын қайсар ұлы туралы әңгімелеп берді.
Жетісу облысы, Ақсу ауданы, Қызылағаш ауылының тумасымын. Қазір отбасымда төрт ұлды тәрбиелеп отырған әкемін. Үлкен балам Арман – 8 , екінші балам Арнұр – 6 жаста, Ернұр – 4, кенжем Арлан – 2 жаста. Менің әкем де атбегілік өнерді өміріне серік еткен жан. Мен де әкемнің жолын қуып, ат баптап, бәйгеге қосып жүрмін. Бұл атбегілік өнер қазақтың қанында бар қасиет деп есептеймін. Жылқы жануарын жақсы көрмейтін қазақ баласы жоқ шығар. Балаларым да жылқыға деген қызығушылықтары ерте оянып, кішкентайынан атқа мінді. Оның ішінде ертерек, 1 жасынан мінгені Ернұр болды. Алғашында менімен бірге мінгесіп жүріп, 2 жасында өзі атқа сенімді отыра бастады. Ернұр – өте қайсар бала. Айтқанынан қайтпайтын өжетмінезі бар. Әр дүниені көріп білуге, үйренуге өте құштар.
Қазақ әуелден төрт-түлікке жақын халық. Кішкентай Ернұрдың бойында да бұл қасиет бар.
Ауылдық жерде тұрғандықтан үй жануарлары балаға бәрібір қызық болады. Қызығушылығын, жақындығын байқайсың. Сол секілді балам кішкентайынан үй жануарларына өте жақын. Қозы-лаққа шалма салып ойнап жүреді. Өзінің бойы мен салмағына сай қозы-лақтарды ағаларымен бірге көтеріп дайындалады. Болашақта қазақтың ұлттық спорт түрі «қошқар көтеруде» бағынсынап көргісі келеді. Бастысы әкесі ретінде өскенде нағыз ер мінезді жігіт болсын, қарулы, шымыр болсын деп тәрбиелеуге тырысып жатырмын. Халқымыз «Болар бала – жасынан, жөргегінен», «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» деп бекер айтпаса керек. Баланыңбойындағы қабілет ерте жасынан біліне бастайды. Тек оны тұншықтырмай, қолдап отырған абзал.
Көпшілік Ернұрдың өзі атқа мінгеніне таңғалып әрі ата-анасы қалайша қорықпайды деп жазып жатыр. Алмас мырза баласын атқа отырғызу кезінде аса бір қорқыныш болмағанын айтады.
Кішкентай кезінен талпынысы болғаннан соң қатты қорқа қоймадым. Өзі ағаларымен таласып отырып, менен бір елі қалмай, көріп өскеннен кейін сенімді болдым. Қазір көп жастар атқа отырмақ түгіл жанына баруға қорқып жатады. Сол үшін де халықтың Ернұрдың видеосын көргеннен кейінгі алаңдаулары орынды деп ойлаймын. Бала тәрбиесіне тоқталар болсам, ұлдарым ер мінезді жігіт болып өсуі үшін әке ретінде қатал ұстаймын. Әрине, еркелететін кезінде еркелетіп, мақтайтын жерінде мақтап отырамын. Шымыр, дендері сау болу үшін кішкентайынан спортқа баулимын. Себебі қазақтың әр баласы үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін тәрбиелі, бойында жігер-рухы бар ер азамат болып өскені дұрыс. Соны өз балаларымның бойынан да көргім келеді. Сол себепті де отбасындағы әке мен ананың рөлі, тәлім-тәрбиесінің маңызы зор. Ер бала әкеге қарап, еліктеп өседі. Әке салған жолмен жүреді. Жасаған іс-әрекеттерін қайталап көруге ұмтылады. Өйткені бала үшін әкесінен асқан үлгі боларлық тұлға жоқ. Сол үшін де ұлдарыма үлгі болуға, бойларына қазақилықты сіңіруге тырысамын. Ат жалын тартып мінген, қозы-лақтармен ойнап өскен бала болашақта жаман болмайды деп ойлаймын.
Әкесінің айтуынша, әлеуметтік желіге кішкентай Ернұрдың видеосын ағасы Сұлтан салған екен. «Қазір аттың тізгінін ұстаса, болашақта елдің тізгінін ұстайтын азамат болсын! Қанмен келген тектілік деп осыны айт!», – деп сүйсініп жатқандардың қарасы көп.
Халықтың балама жазған тілектерін түгел дерлік оқып шықтым. Баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Әке ретінде балам үшін мақтанамын. Әрине, әрбір әкенің жүрегінде балалары үшін арман-тілектері болады. Бастысы ұлым тіл-көзден аман болса деймін. Өзі де өскенде кім боласың деп сұрағанның бәріне «шабандоз боламын» деп айтады. Сол арманына жетсін деп тілеймін. Әзірге қызуғушылығы осы ат болып тұр. Ернұр осы атбегілік өнерден алыстай қоймайтындай көрінеді. Дегенмен, болашақта басқа салаға кетем десе де қарсы болмаймын. Өсе келе қызығушылықтары да өзгеруі мүмкін.
Ұлттық рухты көтеруде ұлттық спорт түрлерінің маңызы зор.
«PATRIOT PORTALY» сайтына шығармашылық табыстартар тілей отырып, алғысымды білдіремін. Жас патриоттарды танытып, елге насихаттау жолында бақтарыңыз жана берсін! Әрине, елге, жерге деген патриотизм өз отбасымыздан бастау алады. Ата-ана ретінде балаларымыздың бойындағы рухты ояту біздің қолымызда. Жастармыз жалынды, дарынды болса еліміздің болашағы да жарқын болары сөзсіз. Оған ұлттық құндылықтарымыздың, ұлттық ойындарымыз бен спорт түрлерінің де маңызы бар. Оның ішінде атбелігілік өнерге баулу жастардың патриотизмін жоғарылатады. Сондықтан ұлттық спортты, ұлттық өнерді барынша қолдауға шақырамын.
Бойына қазақтың тектілігі мен өр намысын сіңірген Ернұрдай жас патриоттарымыз көп болсын!
Видео https://www.youtube.com/shorts/2PIDUJ_4-RA тамашалай аласыздар.