Балалар қауіпсіздігі – басты назарда

Астана қаласының әкімдігі
Астанадағы Сәкен Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназиясында оқушылардың қауіпсіздігін арттыруға бағытталған маңызды шара – «Қауіпсіз терезе» және «Балалар қауіпсіздігі» атты ақпараттық-түсіндіру дәрісі өтті.
Іс-шара аясында бастауыштан жоғары сыныпқа дейінгі оқушыларға ойын түрінде жолда жүру ережелері, судағы қауіпсіздік, құқықбұзушылықтың алдын алу және қоғамдық тәртіп ережелері таныстырылды. Мақсат – балаларға тұрмыста және көшеде қауіпсіздік сақтаудың маңызын түсіндіру, құқықтық жауапкершілік туралы ұғындыру, сондай-ақ қауіпсіз өмір салтын насихаттау.
Астана қаласы Білім басқармасының Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманының айтуынша, мұндай дәрістер әсіресе жазғы демалыс кезеңінде өте өзекті.
Сондай-ақ буллингке немесе басқа да жағымсыз жағдайларға тап болған оқушылар «111» сенім телефонына хабарласа алатыны айтылды. Бұл желіде заңгерлер мен психологтар тегін және шұғыл көмек көрсетеді. Мұндай ақпарат барлық мектеп пен колледждерде орналастырылған.
Дәріске мектеп педагогтерімен қатар 1-9 сынып оқушылары белсенді қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай дәрістер апта сайын тұрақты түрде өткізіледі.