Қожа рөлін сомдаған белгілі актер Нұрлан Санжарұлы өмірден өтті
Фото:google
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актер, сценарист әрі кинодраматург Нұрлан Сегізбаев өмірден өтті.
Қайғылы хабарды Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлап, марқұмның отбасы мен жақын туыстарына, барша халқына қайғыра көңіл айтты.
Министрлік таратқан ресми хабарламада Нұрлан Санжарұлының қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына қосқан үлесі ерекше аталып өтті.
«Нұрлан Санжарұлы – қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан көрнекті тұлға. Ол бар ғұмырын шығармашылыққа, ұлттық руханиятқа арнап, кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық мол мұра қалдырды.
Өнерсүйер қауымға Абдолла Қарсақбаевтың “Менің атым Қожа” көркем фильміндегі басты рөлі арқылы кеңінен танылған ол – қазақ киноөнеріндегі дара тұлға.
Экранда жасаған көркем бейнелері отандық өнер тарихында айрықша орын алады.
Нұрлан Санжарұлының жарқын бейнесі, шығармашылық мұрасы мен ғибратты ғұмыр жолы халқымыздың жадында мәңгі сақталады деп сенеміз», – делінген хабарламада.
Редакция ұжымы марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, барша өнерсүйер қауымға қайғыра көңіл айтады.
Марқұмның жаны жәннатта, иманы саламат, топырағы торқа болсын.
«Патриот» порталының редакциясы