МҰХТАР МАҒАУИН

Ашық дереккөзден
Тарихшы, жазушы, қазақтың ауыз әдебиетін зерттеушісі ғалым. Филология ғылымдарының докторы, Мемлекет сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы.
1. Жақсы адам жаман жазушы болуы мүмкін, бірақ жаман адам жақсы жазушы бола алмайды.
2. Әлемдегі ең сұлу қазақ әйелі – менің жарым, менің анам, менің қызым. Қазақты қазақ қылған осы әйел болатын. Сұлу ғана емес, сымбатты, мінезді, ақылды, адал жар, абзал ана, ағайынға қамқор, ауыл-аймаққа құт, ердің мақтаны, елдің көркі.
3. Әлбетте, кез келген елді, қандай жағдай болмасын, сол ұлысты мекендеп отырған жұрттар арасында татулық болуы керек. Бірақ бұл татулық жергілікті, байырғы жұрттың жалпыға ортақ құл болуы арқылы жүзеге асуы – ақылға сыймайтын жағдай.
4. Бұл тәуелсіздік – бабаларымыздың соңғы екі жарым мың жыл бойы төгілген қанының төлеуі болатын, аталарымыздың соңғы жүз елу жыл бойы езілген жүрегінің лүпілі, жаншылған намысының серпіні, қапаста үзілген өмірінің қарымтасы болатын, құрсақта жатқан, жаңа ғана кіндігі кесілген, қаз тұрған, ендігі жылы, ендігі ғасыр, одан соңғы замандарда дүниеге келетін сәбилердің көз жасы болатын.
5. Қырық жыл жазғанда көзімнің анық жеткені - шабыт деген жоқ нәрсе. Шабыт жоқ. Бап бар, машық бар. Бап - алаңсыз көңілге байланысты. Машық - күнделікті жұмысқа байланысты. "Ат шаппайды, бап шабады", - деген қазақ. Әрине, тұғыр емес, тұлпар. Бабы келіскен тұлпар бабы жоқ, өзі қатарлас, тіпті өзінен де жүйрік екінші күліктен оп-оңай озады. Өз мүмкіндігінің шегінде шабады. Өз мүмкіндігіңіздің шегінде жазу - сіздің бабыңызға ғана байланысты. Бес-он минут, бір сағат, жарым сағат, бес-он күн емес, айлар, жылдар бойы отырыс, тынымсыз еңбек нәтижесі. Машықсыз бап та жоқ. Шығарманың шеберлік деңгейі, қуат-күшін бағалайтын өзекті арқау жанды жүйе де осы машық пен бап болса керек.