АҚТАМБЕРДІ ЖЫРАУ

РУХТЫ СӨЗ
19

Ашық дереккөзден

Атақты жырау, қолбасшы батыр, қоғам қайраткері.

1. Әркім өзі талпынбақ,
Басына бітер бағы үшін...

2. Түйе мойнын тұз кесер, жігіт мойнын қыз кесер.
3. Жалтара шапсаң жау қашпас.
4. Жауыңды аяма, жылағанды уат, жығылғанды тұрғыз.
5. Балпаң да балпан кім баспас — басарға балтыр шыдамас,
Батырмын деп кім шаппас— шабарға жүрек шыдамас.

6. Күлдір-күлдір кісінетіп,
Күренді мінер ме екеміз?!
Күдеріден бау тағып,
Ақ кіреуке киер ме екеміз?!
Жағасы алтын, жеңі жез,
Шығыршығы торғай көз
Сауыт киер ме екеміз?!
Ор қояндай жүгінтіп,
Аш күзендей бүгілтіп,
Жолбарыстай шұбарды
Тандап мінер ме екеміз?!
Сол шұбарға мінген соң,
Қоңыраулы найза қолға алып,
Қоңыр салқын төске алып,
Қол төңкерер ме екеміз?!
Жалаулы найза жанға алып,
Жау қашырар ма екеміз?!
Тобыршықты әндіген
Толтыра тартар ма екеміз?!
Тобылғы түбі құралай,
Бытыратып атар ма екеміз!
Жарлауға біткен жапырақ -
Жамылсақ, тоңар ма екеміз?!
Жазыққа біткен бүлдірген -
Сұғынсақ, тояр ма екеміз!
Тобылғы сапты қамшы алып,
Тұмар мойын ат мініп,
Қоныс та қарар ма екеміз!
Ел жазылып жайлауда,
Жақсылар кеңес құрғанда,
Мұртымыз өрге шаншылып,
Бұрын да сөйлер ме екеміз?!

                                                      

Редакция
Patriot Portaly