«Qazaq» деректі фильмі таныстырылды

Патриот жаршысы
20

Режиссер Қарлыға Хасен мен продюсер Танакөз Толқынқызының «Qazaq» деректі фильмінің тұсаукесері өтті,-деп хабарлайды Patriot portaly Turkistan.kz сайтына сілтеме жасап.

 Фильм 2024 жылы Германияда (Мюнхен, Нюрнберг, Дюссельдорф), Австрияда (Зальцбург), Түркияда (Стамбул, Салихлы) және Қазақстанда (Алматы, Астана, Ақтау қалаларында) түсірілді. Фильмнің алғашқы тұсаукесер рәсімі 2024 жылдың 6-8 қараша айында ҚР Сырткы Істер министрлігінің қолдауымен Германияның Мюньхен қаласында және Францияның Париж қаласында өткен еді.

Деректі фильмнің басты кейіпкері – Мюнхендегі «Қазақ қоғамының»  дамуына зор үлес қосқан, Еуропадағы қазақ қауымдастығының  негізін қалаушы Сүлеймен Шадқам. Бұл деректі фильм қазақ халқының басына түскен нәубет жылдары Маңғыстаудан Иранға жер ауған, сөйтіп Германияға табан тіреп тұрақтаған қаракөз қандастардың тағдырын баяндайды.Олардың ұрпақтары – шетелде дүниеге келіп, тағдырдың сан алуан қиындықтарын көрсе де ұлттық болмысын, менталитетін, қазақы құндылықтары мен танымын, күрескерлік қасиетін жоғалтпаған ұлтжанды азаматтар.

Бұл – ұлттық болмысты сақтау жолындағы ізгілік пен мейірім, махаббат пен адалдық, берік ұстаным мен  күрескерлік қасиет туралы фильм.

Өзінің тарихи тамырынан ажырамастан адамзатқа үлкен қызмет қылған тарихи тұлғаның  қызық та күрделі тағдыры деректі фильмнің өзегі болды.

«Qazaq» деректі фильмінде Сүлеймен Шадқам жиынтық бейнесі арқылы Еуропада өмір сүретін көне қазақтардың тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті, болмысы мен өмір сүру ғадеті баяндалады.

Сүлеймен Шадқамның анасы тоқсанға қараған шағында Қазақстанды бір көріп кетуге келген сапарында өз ата мекенінде дүниеден озады. Бүкіл өмірін Қазақстаннан тысқары өткізуге мәжбүр болған кейуанаға туған жердің топырағы бұйырады.

Фильм әлемнің ең көп тараған неміс, ағылшын, француз тілдеріне аударылды.

Фильмнің Еуропадағы тұсаукесер рәсіміне  ҚР Германияның Мюнхен қаласындағы бас консулы Денис Рогов, ҚР Франциядағы елшісі Гүлсара Арыстанқұлованың кеңесшісі Нұржан Рахмет, ҚР халық артисі Айгүл Үлкенбаева, фильмнің режиссеры Қарлыға Хасен және продюсері Танакөз Толқынқызы, сондай-ақ, фильмнің басты кейіпкері Сүлеймен Шадқам қатысқан.

Дариға Нысанқұл