ММА чемпионымен тегін жаттығу өтуде

Астана қаласының әкімдігі
Астанадағы «Триатлон» және «Көктал» саябақтарында 1 қыркүйекке дейін өзін-өзі қорғау бойынша тегін жаттығулар өтуде. Бұл шара «Астана - есірткісіз қала» акциясы аясында ұйымдастырылған.
Сабақтар аптасына үш рет - сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері сағат 19:00-ден 21:00-ге дейін жүргізіледі. Жаттығуларды ММА бойынша әлем чемпионы Василий Тахтай өткізеді. Жоба Астана қаласы әкімдігінің Дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.
Басқарма өкілі Азамат Ағзамовтың айтуынша, елордада бұқаралық спорт қарқынды дамып келеді. 2024 жылы қалада 180 спорт алаңы ашылған. Сонымен қатар, түрлі спорттық-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылуда.
-«Қазір – демалыс уақыты. Балаларға пайдалы іс керек. Бұл жаттығулар оларға білім мен дағды беріп, салауатты өмір салтына жетелейді», - деді Азамат Ағзамов.
Тренер Василий Тахтай «Өзіңнен баста» атты әлеуметтік жобаны үш жыл бұрын қолға алған. Оның айтуынша, спорт - жастарға ұсынылатын ең тиімді балама.
-«Жастар спорт арқылы өз күшін танып, дамиды. Біз әкімдікпен екінші жыл қатарынан жұмыс істеп келеміз, олар жобамызды қолдап, жастарға мүлде тегін мүмкіндік беріп отыр», - дейді Тахтай.
Жаттығуларға барлық жастағы азаматтар қатыса алады. Балалармен қатар, мүмкіндігі шектеулі ересектер де белсенді түрде жаттығуға қатысып жүр. Кәсіби спортшылар да бұл бастаманы қолдап, қатарларынан табылуда.
Жаттығулар таза ауада өтетіндіктен, қатысушылар өздерін еркін сезінеді. Ал қауіпсіздікке кәсіби жаттықтырушылар мен медицина қызметкерлері жауапты.