«Славян базары» байқауының Гран-при иегері

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі
Беларусь Республикасының Витебск қаласында 2025 жылдың 10–13 шілдесі аралығында өткен «Витебскідегі Славян базары» XXXIV Халықаралық өнер фестивалінде отандасымыз Алмагүл Батталиева Гран-при жүлдесін жеңіп алды.
Жетісу облыстық Дәнеш Рақышев атындағы филармониясының әншісі, талантты өнерпаз Алмагүл халықаралық додада еліміздің намысын қорғап, керемет өнер көрсетті. Финалдық кезеңде ол «Вечность» әнін орындап, көрермен мен қазылар алқасының ыстық ықыласына бөленді. Екі күндік байқау нәтижесінде 137 ұпай жинаған әнші басты марапатқа – Гран-приді иеленді.
Алмагүл Батталиева – Алматы қаласында дүниеге келген. Жас кезінен-ақ ерекше дарынымен көзге түскен. 14 жасында П. И. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжіне оқуға түсіп, кәсіби өнер жолына қадам басқан. Сонымен қатар ол аккордеон, фортепиано және укулеле сынды аспаптарды шебер меңгерген.
Алмагүл – тек дарынды орындаушы ғана емес, сахнаға үлкен жауапкершілікпен қарайтын, өнерге шын берілген жан. Бұған дейін де ол «Жас Қанат – 2023» фестивалі мен «Алматым жүрегімде» халықаралық байқауында жарқырай өнер көрсетіп, көпшіліктің көңілінен шыққан болатын.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Алмагүл Батталиеваны осы жарқын жеңісімен құттықтап, бұл табыстың оның еңбегі мен талантының нәтижесі екенін атап өтті.