Астанада жағажай тазалығы өтті

Астана қаласының әкімдігі
Елордадағы Сарыарқа ауданында коммуналдық жағажай аумағын қоқыстан тазарту мақсатында ауқымды экологиялық акция ұйымдастырылды. Шараға «Жасыл ел» еңбек жасағының ондаған белсенді жастары қатысты.
Акция республикалық «Таза Қазақстан» бастамасы аясында өтті. Оны Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен Қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстар басқармасы Сарыарқа ауданы әкімдігінің қолдауымен өткізді.
Еріктілер жағажай аумағынан ондаған қап қоқыс жинап, астаналықтар үшін қауіпсіз әрі жайлы демалыс орнын қалыптастырды.
«Бүгін біз Есіл жағасындағы жаңа коммуналдық жағажайда тазалық жүргіздік. Мақсатымыз – қоғамдық орынды тұрғындар үшін таза ету», – деді Жастар саясаты мәселелері басқармасы бөлімінің міндетін атқарушы Ерлан Айдар. Оның айтуынша, биыл «Жасыл ел» жобасы аясында 5 200-ден астам жас жұмыспен қамтылған.
Акцияға қатысушылардың бірі мұндай шаралардың жастарды белсенділікке, жауапкершілікке және өзгелерге үлгі болуға шақыратынын айтты.
Айта кетсек, Астанада «Жасыл ел» базасында «Таза дүйсенбі», «Таза бейсенбі» және «Таза сенбі» сияқты экологиялық іс-шаралар тұрақты өтеді. Бұл бастамалар қала тазалығын сақтауға және жайлы орта қалыптастыруға үлес қосып келеді.